«Сайрамның бренді — ет өнімдері…»

490

«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонағы Сайрам ауданының әкімі Бақтияр Мамаев:

— Сансыз бабтар мекені Сайрам ауданы 90 жылдығын тойлағалы отыр. Торқалы тойдың дайындығы жөнінде айтып өтсеңіз…
— 90 жылдыққа дайындық жыл басынан бері басталған болатын. «90 жылдыққа — 90 игі іс» атты іс — шара барысында әлеуметтік саланы жақсарту, құрылыс жұмыстарын қарқындату, әлеуметтің әлеуеттік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі шаралар өтті. Кеше ғана көкпар тарту, қыз қуу, қошқар көтеруден ұлттық ойындар жарысы өтті. 17 — қазан күні ауданымыздың 90 жылдығына арналған мерекенің қорытынды шарасы өтеді. Сайрам ауданына еңбегі сіңген зиялылар, ардагерлер, БАҚ өкілдері, еңбек өкілдері, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала қызметкерлеріне арнайы шақырту берілді.
— Ауданның тыныс-тіршілігімен таныстырып өтсеңіз. Қандай шаруалар атқарылуда?
— Ауданда инфрақұрылым жүргізу, ауыз су жүргізу бойынша жұмыстар атқарылуда. 42 елді-мекеннің 41-і ауыз сумен қамтылған. Таза сумен қамтылмаған Құтарыс ауылына келесі жылы жеткізілмек. Сонда ауданда ауыз сумен қамту 100 пайыз болады. Газ тарту бойынша 42 елді — мекеннің 19 — ы көгілдір отынмен қамтылған. Алдағы уақытта өзгелерін де толық қамту жоспарда бар.
— Сайрам ауданы аумағы жөнінен өңірдегі ең үлкен аудан. Шешімін таппаған мәселе жоқ емес шығар?
— Жалпы ауданымыздың потенциалы үлкен, ауыл шаруашылығы дамыған аудан. Негізгі жұмыс көзі де осы салада. 1991 жылмен 2017 жылды салыстыратын болсақ ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша 1991 жылы 1 млрд. 277 млн. өнім өндірілсе, 2017 жылы 58 млрд. 900 млн теңгелік өнім өндірілген. 26 жылдың ішінде 46 есе өскен. Бүгінде аудан аумағында 962 ет өндіру орындары жұмыс жасайды. 31 мың бас бордақылайтын алаңдар бар. 1995 жылы 7 400 тонна ет өндірілсе, 2017 жылы 26 800 тонна ет өндірілді. Ауданымыздың негізгі бағыты ет, сүт, көкөніс өндіру болғандықтан жалпы ет өндіру басты орында. Ең жоғарғы 2-3 мың бас мал бордақылау орындары бар болса, биыл 10 мың басқа дейін мал бордақылайтын кешен салу жоспарланған болатын. Кешеннің құрылысы сәуір айының соңында басталған, қазір құрылыс жұмыстары аяқталып, желтоқсан айында іске қосылмақ. Келесі жылы 5 мың тонна ет өндіретін бір нысан қосылатын болады.
— Мақтаарал десек мақта, Сарыағаш десек алма, жүзім елестейді, ал Сайрам десек… бренді өнім қайсы?
— Сайрам ауданында өндірілетін негізгі өнімдер ет, сүт, көкөніс өнімдері, жаңа айтып өткенімдей ең бастысы ет өнімдері. 962 мал бордақылау алаңдарында ет өндіріліп Шымкент, Астана, Алматы, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне жеткізілуде.