2000 жылдардан бері әлемдік телевизияда телесериалдардың қайта өрлеуі басталды. Толықметражды фильмдермен деңгейлес сапада түсірелетін сериалдардың көрермені артып, жұлдыздары талайдың жүрегін жаулады. Телесериалдың әрбір эпизодын асыға күтіп, сәтінде талқылайтын фанаттары пайда болды. Осылайша, телесериалдар бөлек бір индустрияға айналып, мол қаржы құйылып, талай актер-актрисаның бағын ашты. Біз де газетіміздің бүгінгі санында отандық және шетелдік телесериалдардың ел танып-білетін, әр рөлін асыға күтетін әртістері туралы айтамыз.

Отандық сериалдардың ЖАС ЖҰЛДЫЗДАРЫ

Айым Сейтметова
«Жібек», «Жібек II», «Мезгілсіз махаббат», «Іңкәр жүрек». Ең көп қаралып, талқыланған отандық телехикаялардың бір парасы осы. Бұл сериал жайында естіген де көрген де көп. «Инс-таграмщица», «Той любой ценой» фильмдерін кинотеатрдан тамашалаған жастар да жетерлік. Сонымен аталған кинотуындыларда басты рөлді сомдаған Айым Сейтметова туралы не білеміз? Айым – жас актриса. 1997 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Жұлдызнамасы – арыстан. Бойы – 1.73 см. Соңғы көрген сүйікті киноларының бірі – «Такси 5». K-поп жанрын сүйіп тыңдайды. Соның ішінде «Yg-fan» тобының тыңдарманы. Арманы – АҚШ-қа барып, Кристофер Ноланның фильміне түсу. Ерекше қасиеті – 30 секунд ішінде жылай алады.
Ол Алматы қаласындағы №12 мектепті бітіріп, ҰБТ-дан 101 ұпай жинаған. Дәл қазір Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының театр факультетінде оқып жатыр.
Танымал актерлар Данагүл Темірсұлтанова мен Азат Сейтметовтың қызы. ҚР халық әртiсi, профессор, Түркістанда театр ашқан Райымбек Сейтметовтың немересі. Сол үйдің екінші перзенті. Айша есімді әпкесі мен Қайсар атты інісі бар. 21 жасар актриса сұқбаттарының бірінде мектеп кезінен киноға түсу туралы ұсыныстар түскенін айтқан, бірақ бас тартқан. Кейін «Жібек» телехикаясының сценарийін оқыған соң, бірден келісімін берген. Айымды танымал еткен бұл сериал телекөрермендер арасында танымал болғаны соншалық, екінші маусымы да түсіріліп үлгерді.
Айтпақшы, дәл осы сериалда Айымның әкесі Азат та басты рөлдердің бірі, Айымның ағасының рөлін сомдайды.
Бұған қоса Айым танымал инстаграм жұлдыздары «Юфрейм» тобының төртінші қатысушысы. Түрлі вайндер түсіреді. Отандық компаниялардың бірінде сәнбике болып жұмыс істейді. Бос уақытында визаж жасайды. Айым Сейтметованың есімі танылған сайын, оның талабына сенбей қарайтындардың қатары көбейген. «Атағы аспандаған жас актрисаның жетістігіне ата-анасының әсері мол» деседі жұрт. Әлеуметтік желілер мен сайттардағы осындай пікірлерді жиі оқитын Данагүл Темірсұлтанова мұны толығымен теріске шығарды.
Сондай-ақ, Айымның жеке өмірі төңірегінде де түрлі қауесеттер көп. «Ревью» бағдарламасында 20 жастағы бойжеткеннің жүрегін жаралаған жігіттің есімі — Вахид делінеді. Ол да өнерде қызмет етеді.


Әбілмансұр Серіков
«Жібек» телехикаясы отандық киноиндустриядағы тағы бір жас актердың жолын ашты деуге болады. Ол – «Жібек» телехикаясында Мирас есімімен басты рөлді сомдаған Әбілмансұр Серіков. Бір қызығы Әбілмансұр да мәдениет саласының майталмандары, атап айтқанда белгілі актер, «Нысана» әзіл-сықақ театрының директоры Әбунасыр Серіков пен «Дарын» сыйлығының лауреаты, Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы, «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін «Әр үйдің сыры басқа» бағдарламасының жүргізушісі Лиза Серікованың тұңғыш перзенті.
1991 жылы Алматыда туған Әбілмансұрды 20 күндік шақалақ кезінен ата-анасы әжесіне береді. Осылайша 3 жасына дейін әжесінің қолында өседі. Әбілмансұрдың үш қарындасы және бір інісі бар. Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының театр факультетін бітірген. Астана қалалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері. Жұбайы Фариза да актриса. Екі ұлдың әкесі.
Әбілмансұрды көрермендер «Шолпанның күнәсі» фильмі, Рымбек Әлпиевтің «Ангелочки» «Таңдау», Сүйе білсең» сериалдары арқылы таниды. ҚР Президенті туралы «Балалық шағымның аспаны» фильмінде Елбасының 15-16 жастағы бозбала шағын сомдаған. Айта кетейік, Әбілмансұр 4 жасынан бастап сахнада өнер көрсеткен.

 

Шалқар Құдайберген
Сағат тілі кешкі 23:00-ді көрсетсе болғаны, көбісі теледидарға терміліп, «Тағы да сүй» сериалын тамашалайды. Ал сол телехикаядағы басты рөлде ойнаған Аянның шын есімі – Шалқар.
Шалқар Құдайберген «Тағы да сүй» сериалынан бұрын «Арман қанатында», «Аяулы арман», «Зауал», «Қызыл алма» сынды телехикаяларда екінші кезектегі рөлдерді сомдаған. Шалқар сұхбаттарының бірінде Аянның рөлін сомдау оңай тигенімен, қиындықтар аз болмапты. Мысалы, Шалқар «с» дыбысы көп кездескен сөйлемдерге тілі бұрмаланып қалады. Ал сериал барысында Аянның мәтінінде «с» көп болғандықтан, телехикаяның редакторы мәтінге «с»-ны көп қоспай, жас актерға лайықтап жазуына тура келіпті. Сериалдың сценарийін 21-22 жастағы қыздар жазған.
Бүгінде Шалқар Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің 5-курс студенті. Ядролық физика мамандығында оқиды. Жас кәсіпкер, әрі киноға түседі. Қосымша вокал сабағына барады, болашақта әнші болуға бет бұруы әбден мүмкін.

Түркия сериалдарынан кімді танимыз?

Берен Сатт
Түркияның телехикаялары елімізде көрсетіле бастаған кезден бастап, әртістері де Қазақстанда танылғаны рас. Солардың бірі Берен Саат. Ол заманауи түрік киноиндустриясының ең танымал әрі сұранысқа ие әртістерінің бірі. Қазақстандықтарға «Тыйым салынған махаббат» телехикаясындағы Бихтердің рөлі арқылы танылған Берен осы рөлінен кейін өз елінде де ерекше танымалдыққа ие болған. Қазір қазақстандық көрермендер ол ойнайтын «Қыз кегі» атты туындысын тамашалауда.
Берен Саат 1984 жылы Түркияның Анкара қаласында спортшылардың отбасында дүниеге келген. Отбасындағы екінші перзент. Джем атты ағасы бар. Жоғарғы TED Анкара Колледжінде, кейінірек анакаралық «Bilkent» университетінде менеджмент мамандығы бойынша оқыған.
Университет қабырғасында жүріп, ол қаланың орталық көшелерінде өткізілетін жас актерлар сайысына қатысады. Сондай сайыстардың бірінде жеңіске жетіп, түрік телеарналарының бірі түсіретін телехикаяға шақырту алады. Осылайша оның кино әлеміндегі жолы басталады. Сұлу актриса түрік тілінен бөлек ағылшын және испан тілдерін жетік меңгерген.
Қазақстандық телехикаясүйер қауым оның «Тыйым салынған махаббаттағы» Бихтер рөлінен бөлек «Фатмагүлдің кінәсы» телехикаясындағы Фатмагүл рөлі арқылы да жақсы таниды. Сұлу кескіні мен келісті ойыны арқылы көрерменін бірден баурайтын Берен жайлы ақпараттар толастар емес. Ол өз карьерасындағы 20 жыл ішінде көптеген фильмдермен қатар телехикаяларға түсіп үлгерген. Ол 2014 жылдың тамыз айында Түркияның белгілі әншісі Кенан Доғулуға тұрмысқа шықты. Әзірге ортақ некеден балалары жоқ.

Хазал Субаши
Телекөрерменді көгілдір экранға телмірткен «Зехра» сериалының басты кейіпкері Хазал Субаши бар болғаны 22 жаста. Ол 1996 жылы Измир қаласында дүниеге келген. Кішкентайынан ерекше әдемілігімен көпшіліктің назарын өзіне аударған Хазал өнердегі жолын сән әлемінен бастаған. Ол 2015 жылы «Еlidor miss Turkey – 2015» байқауына қатысып, қалың жұртқа танылды. Жан сұлулығы мен тән сұлулығы қатар үйлесім тапқан әртіс бұл сайыста финалға жетеді. Алайда жеңімпаздардың қатарынан көріне алмайды. Дегенмен ол әрмен қарай жұмыс істеуін тоқтатпайды. Отбасының қолдауымен кино әлеміне араласа бастайды. 2016 жылы «TRT 1» телеарнасының туындысы «Зехра» телесериалындағы жетім қыз Зехра рөлін сомдау үшін шақырту алады. Бұл телехикая Хазалдың есімін елге танытты. Жұмысына ерекше жауапкершілікпен қарайтын актриса әзірге отбасын құруды жоспарламайды. Карьерасы алғашқы орында. Айта кетейік, Хазал қазір Түркияның ең сұранысқа ие әртістерінің қатысуымен түсірілген «Бір үміт жетер» атты телехикаясында басты рөлдердің бірін сомдауда.


Эркан Мерич
Эркан Мерич 1986 жылдың 25 шілдесінде Түркияның Адана қаласында дүниеге келген. Кейін отбасының шешімімен Мерсинге қоныс аударған Эркан мектепті де осы қалада тәмамдады. Әрмен қарай Мерсин техникалық университетінің электроника және автоматика факультетіне білімін жоғарылату үшін оқуға түседі. Ол ұзақ жылдар бойына футбол ойнаған. Кішкентайынан спортпен шұғылдануға жаны құштар Эркан футболмен қатар, болейбол, баскетбол және жүзумен де айналысқан. Сегіз қырлы жігіт жоғары оқу орнында жүріп, өнер әлеміне де қызығушылық таныта бастаған. Университетті аяқтағаннан кейін сән әлеміне еніп, арнайы курсын оқиды. Еңбекқорлығының нәтижесінде 2009 жылы «Best Model of Turkey» жарысына қатысып, «Best Photo Model» номинациясын жеңіп алады. Мұнымен тоқтап қалуды жөн көрмей, «Best Model of the World» байқауына қатысып, «Әлемнің үздік модельі» атағын жеңіп алады. Сосын атағы шыққан Эркан кино әлеміне бет бұрады. Өзіне ерекше сенім білдіріп әрқашан қолдау көрсететін анасының үмітін ақтау үшін өзін әртіс қырынан да сынап көреді. Бұл бағыттағы нәтижесі де жақсы. Ол қазақстандықтарға «Зехра» телехикаясындағы Өмер рөлімен танылған. Жас әртіс Түркия мемлекетінің ең танымал жұлдыздары Кенен Имирзалыоғулы мен Кыванч Татытугты үлгі тұтады.

Еліткен Үндістан

Каран Патель мен Дивьянка Трипатхи
Үндістанның, яғни Болливуд фильмдеріне қызығушылық әсте бәсеңдеген емес. Бүгінде үнді сериалдарына сұраныс көбейген. Олардың көрермендері де баршылық. Соңғы кезде отандық телевизияда көрсетіліп, көпшілік көңілінен шыққан сондай сериалдардың бірі – «тағдыр қосқан асыл жар» немесе «Yeh Hai Mohabbateni» (Это и есть влюбленные) телехикаясы. Басты рөлдерді Каран Патель мен Дивьянка Трипатхи сомдайды.
Каран Патель – 1983 жылы 23 қарашада Калькуттада туылған. Жұлдызнамасы – мерген. Отбасылы. Балалары бар. Жары Анкита Бахаргава да әртіс. Каран 2006-2016 жылдар аралығында 9 киноға түскен. Алғашқы туындысы «Nach Baliye 3» минисериалы болған. Ол 2013 жылы басталып әлі күнге дейін түсіріліп жатқан «Тағдыр қосқан асыл жар» телетуындысында Раман Бхаланы сомдайды.
Осы сериалдағы Раман Бхаланың асыл жары Ишита Бхаланы Дивьянка Трипатхи ойнайды.
Дивьянка Трипатхи 1984 жылы 14 желтоқсанда Бхопалда туылған. Бойы 165 см. 2016 жылы Вивек Дахия есімді кино актеріне тұрмысқа шыққан.
«Deccan Chronicle» басылымына берген сұхбатында Дивьянканың айтуынша, Каран өте жақсы билейді. Алайда ол өзінің бұл қабілетін дұрыс қолданбайтын көрінеді. Сондай-ақ, Дивьянка Каранның өз уақытын үнемдей алмайтынын және үнемі кешігіп жүретінін айтыпты. Ал Каран Дивьянка туралы «Мен оның шыдамдылығына, сабырлығына тәнтімін. Ол өзіне берілген тапсырманы бұлжытпай орындайды. Оның уақытпен санасатыны ұнамайды. Ол ешқашан кешіккен емес» деген болатын.

Дипика Какар мен Авика Гор
Қазақстандық көрермендердің тағы бір үзбей көретін телесериалы – «Абысындар». Апалы-сіңлі Симар мен Ролидің хикаясы. Басты рөлді актриса Дипика Какар мен қазақстандық көрерменге үлгілі келін ретінде танылған Ананди, яғни Авика Гор сомдайды.
Дипика Какар – 1986 жылы 6 тамызда Пунада туылған. Бойы 155 см. 2013 жылы Раунак Мета есімді әртіске тұрмысқа шыққан. Алайда 2015 жылы екеуінің жолы екі айырылды. 2018 жылы Дипика «Абысындар» телехикаясында күйеуінің рөлін сомдаған Шоейб Ибрагимге (Прем) тұрмысқа шығады.
Авика Гор – 1997 жылы 30 маусымда Мумбайда туылған. Бойы 168 см. Авиканың жұлдызын жаққан туынды «Балика Вадху» немесе «Келін» телехикаясы болды. Бұл сериал 2008-2016 жылдары аралығында түсірілген. Сол кезде Анандиды сомдап жүрген жас актриса «Абысындар» туындысына түсуге шақырту алады. Авика бұл шақыртудан бас тартпайды. Сөйтіп, 2011 жылдан бастап Ананди мен Ролидің рөлін қатар ойнап жүреді. Аталған телетуындының тұсауы 2011 жылдың 25 сәуірінде кесілсе, соңғы сериясы биылдың 2 наурызында түсіріліпті. Қазір көрермендер бұл туындының 1 маусымын тамашалауда. Сериалдың екінші маусымы «Симардың екінші отбасы» деп аталады.