Тыңдарманы іздейтін төрт әнші мен қос күйші

831

Әуезді әнімен, құлақтан кіріп бойды алар әсем әуенімен жүректерден орын алған әншілердің біразы үлкен сахналардан көрінбей жүр. Қос ішекке үн бітіріп, жан толқытар күйшілерін әркез тыңдармандары іздері хақ. Бұған редакциямызға хабарласып, бар дерегін сұрайтын оқырмандарымыздың саны мен сауалы дәлел. Сонымен кезінде жарқ етіп шығып, бүгінде көрінбей кеткен өнерпаздарымыз қайда жүр?

Жеке бизнесі – өнер


Ән әлеміндегі трамплинін ауылда бастағандардың бірі – Заттыбек. «Ақ маржан» әнімен жарқ етіп шыққанда елдер есі кете тыңдаған. Тойда билейтін ән таппай, ыңғай көрші елдердің әніне құда түсіп жүргенде Заттыбектің әндері «импорт» әуендерді тойдан түре қуып шыққан болатын. Содан «Той королі» атанды. Ырғақты, биге икемді әндері расында бірінен кейін бірі шығып жатты. Бүгінде көрінбей кеткені рас. Іздеу салдық. Сұрадық. «Той королі» көрінбеуді мақсат тұтпапты. Әлі де бабында. Бүгінде әншілердің бәрінің де әлеуметтік желілерде арнайы парақшалары бар. Сол арқылы өзінің не істеп, не қойып жүргенін, қайда, қай тойда жүргенін оқырмандарына бөлісіп отырады. Ал әрдайым қарапайым Заттыбек мұндай жарқ-жұрқ еткенді онша жақтыра бермейді екен.
«Сондықтан да болар мені көрінбей кетті» дейтіндері. Бірақ сахнадан кеткен жоқпын. Негізгі бизнесім – ол өнерім» дейді әншінің өзі.
Затекеңнің де алға қойған жоспарлары көп. Ауыз толтырып айтарлықтай бизнесі жоқ. Бола жатса онысымен бөлісетінін де айтып қалды. Шығармашылығын шыңдау үстінде. Тақтан түсіп тұрған түгі жоқ. Жақын арада сағындырған тыңдармандарына «Шәйға», «Әлияш», «Ғашық жүрек», «Үкілім» атты әндерін тарту етпек. Алғашқы хит әндерінен кем болмас деген ойдамыз. Қайрат Нұртас, Қуандық Рахым, Нұрболат Абдуллиндерді ерекше ұнатып тыңдайды. Басқа әншілерге деген көзқарасы да түзу. Иман жолында жүргеннен кейін ешкімнің артынан ғайбат сөйлемеуді өзіне міндет санайды. Сондықтан да «анау әнші нашар, бүгінгі қазақ эстрадасының бағыты мынадай» деп теріс сөз айта алмайтынын алға тартты. «Бәріне де ниетім түзу, көзқарасым дұрыс» дейді өзі.
Біраз уақыт ару қала Алматыға аттанып, көрермен көңілінен алыстап кеткендей көрінген әнші онда 2 жыл тұрып, туған топырағына қайта оралды. Хан сарайындай үй салғаны жайлы көргендер тамсана айтып жүр. Заттыбектен зәулім үйі туралы, жобасын кім жасағаны, қанша қаражат жұмсағанын білмек болғанбыз. Бәрі құпия. Ол жағын ашып айтпады. Әрине қандай ғажайыпқа қол жеткізсе де, адал еңбек, маңдай тері.
Жуырда кіші қажылыққа барып келген болатын. Бүгінде иман жолында, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Сонымен Заттыбек көрінбей кеткен жоқ. Жаңа әндерімен жарқ етіп шығып, тағы да жарқырай түспек.

«Жеңіл әнге құмарлық – уақытша құбылыс»

 

Ерек сезім. Бойды шымырлатар әуезді әуен. Тұнып тұрған лирика. Әсем әндерімен талай жүректерден жылы орнын тапқан әншінің бірі – Гаухар Әлімбекова. «Ақ келін», «Қыз сезімі», «Келінге өсиет», «Жазығым не?» атты әндерімен жарқ етіп шығып, жүректерді жаулаған болатын. Ұзатылып бара жатқан қыздың тойы Гаухардың әнінсіз өтпейтін. Құлақ құрышын қандырып, қимастық сезім ұялататын әндерімен талай қыз оң босағасынан қимай аттанып, ақ келін болып табалдырық аттады. Гаухардың әні тойында орындалған келіндердің бәрі бүгінде сол кезді сағына еске алатын болар. Қазақ эстрадасына лирикалық жылы леп әкелген әнші бүгінде сахнадан көрінбей кетті. Бұл біздің ойымыз екен. Өзі олай ойламайды. «Жаңа әндер жазып жатырмын. Күзге қарай жеке шығармашылық концертімді берсем деп жоспарлап отырмын», – дейді. «Бүгінде эстрадада жүргендердің кейбірі жеңіл әндерге құмар. Бұл уақытша құбылыс қой. Ұялмаған әнші боладының заманы болып тұр. Кейде жеңілтек әндерді орындаушылармен қатар сахнаға шығуға ұяласың… Айтуыншы, әншінің концерттерін көбіне-көп өзінің ағалары ұйымдастырып береді екен. Жарнама жапсыру, шақыру дегеннен хабары жоқ. Бірақ концертіне халық көп жиналады. Аудан-ауылдарда өткізетін концерт ұйымдастырушылардың арасында ақшасын алып, «лақтырып» кететіндер де бар. Тіпті ұшаққа алатын билеттің құнын да төлемей қашып кеткендер болғанын жасырмайды…
Бүгінде отбасын құрған әнші Алматыда тұрады. Ол өз сөзінде жолдасының бизнесмен екенін ғана тілге тиек етті. Қазақ сахнасына нәзік мұңды, лирикалық леп ала келген әнші алдағы қыркүйекте көрермендерімен қауышып, жаңа әндерімен қуантпақ.

«Клиппен емес, байқауда танылған дұрыс»


Қайрат Түнтеков. Елден ерек дауысымен тыңдарманның құлық құрышын қандырған таңдаулы әншілердің бірі. Оның «Super Star» байқауынан басталған жолы даңғыл жолға айналды. Қатардағы көп әншінің бірі деуге болмас. Халықаралық байқауларда бағы жанып, еліміздің атын асқақтатқандардың бірі. Қаптаған клиптермен танылғаннан көрі, байқау арқылы танылғанды құп көретіндердің қатарынан. «I am singer» байқауының жеңімпазы атанды.
Қайтадан көрінбей кетті. Дегенмен сахнадан мүлдем кету ойында жоқ. Алматыны біраз мекен еткен әнші бүгінде Шымкентке қоныс тепкен. Әлемнің әр түкпіріндегі әсем қалалардың біразында болса да шырайлы мекенін қатты сағынатынын айтады. Сүйікті қаласына арнап ән жазуды ойлап жүр. «Неге үйленбей жүрсің?» дегендерге «ол сұрақты қоймасаңдар да болады» дейді. Дегенмен махаббаты бар екенін де жасырмайды. Еуропаға барып жұмыс істеу жоспарында бар. Халықтың арқасында әйгілі болғанын мойындайды. «Қандайсың, сол күйіңде қал» деген ұстанымда.
Жеке үнтаспасын жазып жатыр. Ерекше дауыс иесінің жанкүйерлері әр өңірде фандом ашқан. Қайраттың өзінің атында «Форс» деп аталады. Әр қалада бар. Шын талантқа шынайы баға берген тыңдармандары жиналып, әндерін тыңдайды, түрлі тақырыптарда талқылаулар жүргізеді. Ара-тұра Қайраттың өзі де қатысып тұрады.
«Америка дауысына» қатысып, бағын сынағысы келеді. Қай елде қандай жоба болса, қатысуға дайын. Қазақтың атын шығаруға, еліміздің абыройын аспандатуға ештеңе де кедергі келтірмейтінін айтады. Жуырда Максим Фадеевтен шақырту алыпты. Одан да қызықты шақыртулар болып жатыр.
Айқын Төлепбергеннің өтінішімен солтүстік өңірді аралап қайтыпты, жуырда. «Біраз үзілістен кейін халық қатты сағынып қалыпты. Сахнада ән салып, сағынышымды басып, рахаттанып қайттым» дейді Қайраттың өзі. Өнерін ұнататындар көп екен.
Тағы да бір байқауда жарып шығатын болар? Бәлкім жазда. Бәлкім күзде… Күзге салым Алматыда, сосын Шымқалада концерт бермек. Негізгі ойы – ақша табу емес, өте тиімді бағада концерт беру. Кейбір қалаларда бәлкім тегін концерт те беріп қалуы мүмкін. Ән жазуға деген әуестігі артып келеді. Жеке орындауында, өзі жазған әнді тыңдайтын күн де таяу.

Әрі әнші әрі шаруа


Бауыржан Исаев. Эстрада және классикалық бағытты қатар алып шығып, әнсүйер қауымның қошеметіне бөленген. Оркестрмен таза табиғи дауысымен ән шырқап талайды таңқалдырғаны тағы бар. Оркестрмен ән айтуға өнер майталмандарының өзі жүрексінетіні рас. Ерекше дауыс иесін мойындайтындар көп. Дегенмен соңғы жылдары үлкен сахналардан жоғалтып алды тыңдармандары. Өзімен хабарласқанбыз. «10-12 жыл уақытым оқумен, білім алумен кетті. Колледжде, консерваторияда оқыдым. Одан шетелде оқып келдім. Осылайша біраз жылымды өткізіп алдым. Сахнада бармын. «Мүлде өнермен қоштастым» дей алмаймын. «Бұрынғыдай жылына 5-10 ән жазып тастаймын» деп те айта алмас-пын. Дегенмен жылына 1-2 ән жаздыратыным анық. 2013 жылы ең алғаш Алматыда есеп беру концертімді өткіздім. Содан кейін еліміздің басқа аймақтарын аралап, өнер кешімді өткіздім. 2003 жылы Мәскеуде «Орыс романстарын орындаушылары» байқауында топ жарып, лауреат атандым. Қарап отырсам, біраз жасқа жетіп қалыппын. Жасым 35-тен асты. «Опера орындаушысы боламын» деген жоспарым жоқ. Кезінде Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры, одан кейін Астанадағы опера театры жұмысқа шақырды. Барғым келмеді. Өйткені, байланып қаласың. Күнделікті дайындыққа баруың керек, қойылымдарға қатысасың дегендей. Гастрольге мүлдем шыға алмай қаласың», – дейді өнер иесі.
Астанада тұрады. Елордаға қоныс тепкеніне де 5-6 жылдың жүзі болды. Ауыл шаруашылығымен айналысуда екен. Қазақтың асыл тұқымды мал басын көбейтуді көздеп отыр.
Үйленген. Үш қызы бар. Жұбайының мамандығы математик. Бала күтімімен отырған жәйі бар…
Бүгінгі қазақ эстардасына деген көзқарасы оң. «Кәсіби музыкант ретінде талдайтын болсақ, қазақ эстрадасының бүгінгі деңгейі өте жоғары» дейді. «Барлық әнші мақтауға лайық» дегенді де айта өтті. Бүгінде Сейфуллин Жолбарыстың «Сезім» атты әнін жазу үстінде. Асқар Жайлыбаевпен бірігіп жазған «Өмір-ай» атты әнін де тыңдарманына тарту етпек.

«Күй киесін түсінетіндер болса…»


Бүгінде эстрадалық жеңіл, әулекі әуенге еліткендер күй құдіретін құрметтей алмаса керек. Кезінде «Көңіл толқыны» атты күй жазып, көптің көңілін толқытқан дәулескер күйші Секен Тұрысбеков дәстүрлі күй өнеріне жаңа леп әкелген еді. Бұған дейін күйді домбыраның бір әуені деп келгендердің біразы толқынды күйден кейін ойланып қалған болатын. Расында қазақ өнерінің арғы бергі тарихымен терең таныс, күй киесін түсіне алатындар ғана бұл өнерді шын бағалай алса керек.
Секен бұдан кейін «Ақ жауын», «Жазғы қар», «Бесік күйі», «Күлтегін», «Көк бөрі», «Дарабоз», «Ақжүніс», «Өкініш», «Боздақ», «Аруана», «Мәлғаждар» күйлерін түйдек түйдегімен тоғытты. Барлығы да терең толқынысты, көңіл түкпіріне жылы сезім ұялататын, ой салатын салмақты күйлер.
Бұдан бөлек «Толғау», «Қоңыр жел», «Аққу сазы», «Шағала», «Мен бір жұмбақ адаммын» атты ән-күйлер мен романстары да көптің көңілінен шықты. Дауыл тұрғандай сахнаны күмбірлеген күйге толтырған дауылпаз күйші бүгінде үлкен сахнадан көрінбей кетті.
ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дәулескер күйші-композитор, «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің көркемдік жетекшісі Секен Тұрысбеков «Көретін көз болса, көрінеміз ғой. Қазір экранда ештеңе қалмады ғой. Ютубтан қарап, іздеп жүріп тыңдайтындар бар енді», – дейді.
Астанада тұрады. «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрінің негізінде құрылған «Қазақконцерт» бірлестігінде, филармонияда қызмет етеді. Қазақстанның мәдениет күндері аясында бірнеше шет мемлекетке гастрольдік сапарларға шығып жүр.
«Күй сол заманның рухани қорегі секілді. Күй ешқашан да аударманы қажет етпейді, тек оны қабылдай білетін адамда көкірегінде көз, құлағында саңылау болса, болғаны. Тыңқылдағанның бәрі күй емес. Егер шын жанашыры болса оны дамытып, тынысын ашуы керек» деп есептейді. Қазіргі жастардың домбырамен күйді эстрадалық жанрға қосып жүргенін қолдайтынын, қолдамайтынын сұрағанбыз.
«Расында соңғы кездері эстрадада күй көп таралып жүр. Өздерінің күйі болса мейлі екен. Күйдің берекесін алып бітті. Тәттімбеттің күйлерін тәлкекке салды. Өкінішті, әрине» деп күйінішін білдірді. Бүгінде майталман күйші, қазақтың күй өнерінің жанашыры Астанада өзінің «Ақ жауын» оркестріне жетекшілік етеді. Шығармашылығында жаңа күйлер баршылық.

«Шетелге шақыртулар көп…»


Күй өнерінің майталманы Айгүл Үлкенбаеваны көпшілік Дина Нұрпейсіованың ізбасары ретінде таниды. Күмбірлеген күйімен, орындаушылық шеберлігімен талайларды тәнті еткен күйші бүгінде Алматыдағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. Эстрадалық бағыттағы концерттерге көп қатыспайтынын мойындайды. 1 шілде – Ұлттық домбыра күнінде өнер көрсеткен.
«Сахнадан кеткен жоқпын. Жуырда ғана 5 топтамамды шығардым» дейді. 2 аудио, 2 бейне топтамасының сүйінші данасының қолына тигені енді ғана екен. Оқытушылық қызметін, жеке шығармашылығын, мектеп-студиясының жұмысын қатар алып жүр. Отбасы туралы айтудан бас тартты.
Айгүл Үлкенбаева 2006 жылы жеке мектеп-студия ашқандардың бірі. Осы саладағы алғашқы қарлығаш деуге де болады. Одан кейін өнер иелерінің мектеп студиялары жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті ғой.
«Бүгінгі жастар біздей емес, ақшаға жақын. Ақша табудың жолын біледі… Ал біздің кезіміздегі жастар басқа нәрселерге қызығушы еді. Менің мектеп-студиямның ерекшелігі бөлек. Құймақұлақтыққа үйретемін. Шебер ойнауға, күйді нотамен емес, зердемен үйренуге үндеймін. Текст бойынша үйренуге емес…».
Домбыраны эстрадаға бейімдеп, бастағандардың бірі. 1991 жылы Роза Рымбаеваның «Арай» атты ансамбілімен алғаш рет домбыраны қосып, алып шыққан. Ол кезде Тасқын Оқапов, Талғат Сарыбаев сынды мықты музыканттардың демеуімен дүниеге келген.
«Заманауи үлгіні неге қолдамасқа» дейді өзі. Нағыз өнердің қайнаған ортасында жүргендіктен шығармашылығын үнемі шыңдап отырады. Шәкірт тәрбиелеуге де үлгереді.
«Қазір көбісі эстрада тыңдайды. Ондай концерттерге бара бермейміз. Сосын шығар бізді көрінбей кетті дейтіндері. Дегенмен де сахнадан да, өнерден де кеттім деп айта алмаймын» деп ағынан жарылды.
Қазақтың қасиетті домбырасының құны қызықтырған-тын. «Шын шеберлер мықты ағаштан жасайды. Ірі қара малдың сүйегімен безендірілген, сыйға тартуға арналған домбыралар 3-4 мың АҚШ доллары тұрады. Ал тартуға тартымды кәдімгі домбыраларымыз 1 мың АҚШ долларының төңірегінде» деп жауап берді.
Жастардың күй өнеріне деген қызығушылығы туралы да сұрай өттік. «Дәстүрлі күй өнеріне қызығатындар баршылық. Біздегі колледж, консерваторияда тереңдетіп оқытып, дәстүрлі өнерге қарай бағыттау жоқ. Себебі оқу процесінде қарастырылмаған. Студенттер 2 ай сайын сынақ тапсырып отырады. Дәстүрге баулып жатқан жоқпыз. Оның үстіне күйді тыңдайтын құлақ та азайып барады ғой. Бізді көбіне орта буын, аға буын өкілдері тыңдайды. Жастар қызықпайды да. Қызығатындар болса да өте сирек. Күй орындап жүргендердің қатарында бірін бірі қайталау басым. Бір біріне ұқсайды. Өзіндік мәнері барлар аз» дейді. Бүгінде күйшіге шетелден шақыртулар көп.

Гүлжан ЖҰМАШ

«Оңтүстік Рабат» газеті

№29, 18 ШІЛДЕ 2018 ж.