Шымкент Атом өнеркәсібіндегі қауіпсіздік мәселелерін талқылау орталығына айналды

469

Екі күн бойы аталған кәсіпорындардың өкілдері бас қосып, саладаға түйткілдің түйінін шешу жолдарын талқылады. Діттегендері өндіріс қауіпсіздігін мінсіз ету.

Жылдың басынан анықталған заң бұзушылықтар, нормативтік-құқықтық базадағы өзгерістер, әдістемелік ұйғарымдарды тәжірибеде қолдану. Шымкентте өтіп жатқан семинарға қатысушылар атом өндірісі кәсіпорындарындағы өндірістік қауіпсіздігіне қатысты бірқатар маңызды мәселелерді талқылауда. Айта кететін жәйт, әрбір даулы мәселе жіті қаралуда.

Мұндай семинарлардың тұрақты түрде өткізілгеніне он жылдан асқан. Шара биыл Шымкенттегі «Оңтүстік тау — кен химиялық компания» базасында алғаш рет ұйымдастырылды.

Сергей Санаров, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық қауіпсіздік және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы: «Бұл семинар кәсіпорынымызды өзгелерге таныстыруға, атом өндірісіндегі ахуалды білуге, сонымен қатар, саладағы қауіпсіздік шаралары жайлы, бар күрделіктер мен оның шешу жолдарын бірге анықтауға мүмкіндік береді».

Осыған дейін ұйымдастырылған семинарлардың нәтижесі жақсы бағалануда. Қорытындысы бойынша еңбекті қорғау және кәсіпорындардың қоршаған ортаға қатысында оң өзгерістер байқалған.

Семинардың екінші күні қатысушылар өндіріс нысандарын аралайды. Онда кәсіпорындарда өндіріс қаупісіздігі стандарттары қалай орындалып жатқанымен танысады.

Жанар Өмірқұлова, қоршаған ортаны қорғау, радиациялық қауіпсіздік және еңбекті қорғау
бөлімінің жетекші маманы: “Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген әріптестерімізді тәжірибеде Созақ ауданында орналасқан нысандарымызбен таныстырып, ол кәсіпорындарда өндірістік қауіпсіздігі қалай ұйымдастырылғанын көрсетеміз».

Атом саласында ұйымдастыру жұмыстарына немқұрайдылықпен қарауға болмайды. Саладағы өндіріс қауіпсіздігімен айналысатындардың барлық күш-жігері қоршаған ортаға келтірілетін залалды азайтуға, персоналдың денсаулығын қорғауға бағытталған. Өйткені әрбір кәсіпорынның басты байлығы, капиталы сол жерде жұмыс жасайтын адамдар.

Шынар Оразова