Шымкентте дүлей жел соғып, көпқабатты үйлердің шатыры ұшып кетті

198

Қарашаның қара суығы келмей-ақ, Шымкентте күн суытып кетті. Осы кезде, синоптиктер нөсер жауынның соңы қарға ұласады деген ақпар таратып үлгерді. Ал әзірге қаламызда кешегі желдің салдары мен залалын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Төтенше жағдайдың жай-жапсары мен мамандардың мәлімдемесін біз де тыңдадық.

15-қазан күні, сағат 17:00 шамасында, қаламыздағы төтеншеліктерге оқыс оқиға орын алғаны жөнінде хабарлама келіп түскен. Дәлірегі, қатты соққан желдің салдарынан Желтоқсан көшесі бойындағы №20 көп қабатты тұрғынүйдің шатырлары ұшып-құлаған. Күздің екінші айында қар аралас жауын мен ауа райының қолайсызыдығын жатсынған жұртшылықтың абдырап қалғаны тағы бар. Тұрғындардың айтуынша, бұл олқылық көпқабатты пәтердің шатыры мен сапасына жауапты мердігер компанияның салғырттығынан орын алып отыр. Дер кезінде, жөндеу жұмыстары жүгенді жүргізілмегендіктен, кәнігі желдің өзіне төтеп бере алмапты. Амалы таусылған ағайын енді түйіткілді тарқату үшін сотқа арызбандақ.

«Нұрсәт» шағынауданындағы №105 үй

Бұл ғана емес, «Нұрсәт» шағынауданындағы №105 үйдің де кейпі дәл осындай. Шатыры ұшып, құлаған көпқабатты үйді коммуналшылар қазіргі уақытта жөндеп, қалпына келтіруге кіріскен. Әзірге мұнда шығын көлемі есептеліп, анықталып жатыр. Сондай-ақ, оқыс жағдай «Асар» шағынауданында да тіркеліпті. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ұшқан шатырлардың жалпы көлемі — 425 шаршы метрді құрайды.

Саяхат көшесі

Дүлейдің күші электр сымдарына да әсер етіпті. Кешеден бері Қаратау ауданына қарасты,»Қайтпас», «Нұртас» шағынауданындағы бірнеше көшелерде бас аяғы 500 үйде жарық жоқ. Әсіресе, үшінші мегаполистің төрінде жайғасқан Саяхат көшесі тұрғындарының айтуынша, бұл олқылық бірінші рет орын алып отырған жоқ. Күн райы құбылып, табиғат тосын мінез танытса болды, мұндағы жарықтар сөніп, үйдегі техникалыр күйеді, жарамсыз күйге ұшырайды екен.

Мәселені айтып сан-саққа сабылған тұрғындардың уәжіне жауаптылар құлақ түрсе керек, тек түске таман мұнда «Оңтүстік жарықтың» мамандары келді. Бірақ, жарық жанған бойда, «арнамызға қонырау шаламыз», — деген көше тұрғындарынан әзірге хат та, хабар да келген жоқ. Ал кешегі дауылға қатысты Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы да уәжін жеткізді. Сөздеріне сенсек, қаламызда ондаған ағаш құлап, электр бағамдарына әжептеурім шығын әкелген-ді.

Ал осы кезде жағдайдың жай-жапсары мен себеп-салдарына қанық қала билігі шатыры ұшып-құлаған көп қабатты үйлердің тұрғындарын сабырға шақырды. Яғни, бұл үшін жергілікті жұрт пен бюджеттен қаржы қаралмайды, дәлірегі — қалпына келтіру жұмысымен тиісті мердігер компаниялар айналыспақ. Ал синоптиктер ауа райы осы аптада жаңбырлы және оның соңы қарға ұласуы мүмкін екенін хабарлап отыр. Есесіне, 20-қазаннан бастап күн райы жылып, ауа температурасы жоғарылауы мүмкін.

Мөлдір Бекеева