Қала әкімі Нұрсәт шағынауданын сапалы жарықпен қамту жұмыстарын қадағалады

42

 

Нұрсәт шағынауданында ескі жарық жүйелері жаңартылуда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекендегі электр желілерінің құрылысымен танысып, жұмыс барысын қадағалады. Осыған дейін қуаттылығы 10 кВ 2 дана электр тарату бекетінің құрылысы аяқталып, іске қосылды.

Қазір мұнда тарату бекетінен шығатын 10 кВ кабель желісін салу, қазылған жерлерді қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Арнайы бригадалар тұрғын үйлерді жаңа желіге ауыстыруда. Шағынауданды сапалы жарықпен қамту жұмыстарына 30 адам 5 техника жұмылдырылған. Олар жұмыс кестесіне сай жұмыс атқаруда. Белгіленген мерзімге дейін аталған жұмыстарды аяқтау үшін барын салуда. Алдағы уақытта жұмыс ырғағын жеделдету мақсатында тағы да қосымша жұмысшылар мпен техника қосу мәселесі қарастырылуда.

«Құрылыс кезінде болатын уақытша қолайсыздықтар туралы жергілікті тұрғындарды алдын ала ескертуді ұйымдастырыңыздар. Жұмыстарды маусым айына дейін аяқтау қажет» – деді қала әкімі.

Соңғы талаптарға сай жер астымен жүргізіліп жатқан 36 шақырымдық электр желілері толықтай іске қосылғанда шағынаудандағы 12 мыңнан астам абонент сапалы жарыққа қол жетізеді. Қала әкімі жауаптыларға құрылыс жұмыстарын сапалы, өндірістік кестеге сай атқаруды тапсырды. Жарық тартуға заманауи талапқа сай материалдар қолданылуда. Жұмыстар аяқталған соң тұрғындар тарапынан ешқандай арыз болмайды деген сенім бар.

Халыққа барынша қолайлы жағдай жасау туралы Президент тапсырмасы бойынша бүгінде Шымкентте ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жаңадан құрылған шағынаудандарда жарық, ауыз су, табиғи газбен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімдігіне тұрғындар тарапынан жасалған барлық өтініштер назардан тыс қалып отырған жоқ.