Күннің күрт суытуынан қатты отынға деген сұраныс та арта түскен. Әсіресе, шалғайдағы ауыл тұрғындары көмір үшін кезекте тұр. Айта өтейік, өңірімізде көмір тапшылығы жоқ, бағасы да тұрақты. Шаһардағы қоймаларда көмірдің әр тоннасы 14 мың 600 теңгеден босатылуда. Алайда ол тиісті жерге жеткенше 19-20 мың теңгеге шарықтап кетеді.
Қатты отынға сұраныс күн суытқанда туындайтыны белгілі. Әсіресе, көгілдір отыны жоқ, шалғай ауылдардағы ағайын, қалаға сабылып, отынын түгелдейді. Жолдың қашықтығынан болар, көмірдің тоннасына бекітілген бағам да қымбаттап шығады. Мұны екі ортада көмір таситын ағайын жақсы біледі.
Керімбек Төлешов, «Көмірді жылда тасымалдаймын. Биылғы баға жаман емес, талас та жоқ. Әрине кезек күтеміз, тезірек артқан жағдайда ертерек қайтуға асығамыз».
Тассай елді мекеніндегі көмір қоймасына күн сайын Қарағандыдан 10 вагон отын келеді. Ол шамаман 700 тоннаны құрайды. Вагоннан түсе сала, кезекке алдын ала тұрғандар талап кетеді. Кезегі жетпегендер келесі вагонды күтеді.
Самат Құралбаев, кәсіпкер: «Көмірдің сапасы жақсы. Бағасы да жылдағыдай шамалас. Сұраныс бар, бірақ тапшылық жоқ. Біз тек Қарағандының сапалы көмірін аламыз».
Шымкенттегі көмір базаларында сұраныс орташа. Мұнда, әсіресе, шеттен келетіндер көп. Айта өтейік, көмірдің әр тоннасы 14 мың 600 теңгеден босатылуда.
Нұрлан Күдерұлы