Шымкентте мұғалімдер марапатталды

1253

Ұстаздар қауымы құрметке бөленді. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мереке иелерін арнайы шақырып, ақ дастархан жайды. Сондай-ақ, салаға еңбегі сіңген педагогтарды да ерекше ескерді. Алғыс хат пен сый-таралғысын үлестірді.

Құшақ-құшақ гүл шоқтары. Ақ тілек-құттықтаулар мен жайылған ақ дастархан. Мұндай ыстық ықыластың барлығы да бұл күні ұстаздар қауымының құрметіне арналды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мереке иелерін арнайы шақырып, кәсіби мейрамдарымен құттықтады. Бірқатар ұстаздарға Қазақстан Республикасының «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» мәртебесімен марапаттап, құрметті алғыс хаттарды берді. Ал жылдар бойы еселі еңбек етіп, үздік шәкірт тәрбиелеген педагогтарды да ерекше ескерді. Ыбырай Алтынсарин атындағы төстебелгіні құрметпен тапсырды.

Раушан Алмаханқызы

Раушан Алмаханқызы, Қ. Спатев атындағы №7 мектеп-лицейдің директоры: «Өте қуаныштымын. Керемет әсерде екенімді жасыра алмаймын. Бұл марапат тек менің ғана емес, ұжымның жеңісі деп білемін. Және мұны көшбасшы оқушыларды тәрбиелеп, олардың республикалық, халықаралық олимпиадаларда жеңіске жетуін елеп, тіпті мектеп түлектерінің қазіргі маңызды мекемелерде қызмет жасап, сондай-ақ, Елдің болашағына үлес қосып жүруін ескеріп, бізге табыстады деп ойлаймын».

Мәртебелі марапаттар арасында баспанаға мұқтаж мұғалімдер үшін тұрғын үй жарнасы жазылған арнайы сертификат та бар. Бұл 19 педагогқа берілді. Енді үй құнының 10 пайызын жинап үлгерген ұстаздар қалалық бюджеттен бөлінетін 10 пайыз субсидияны пайдалана отырып, жуырда қоныс тойын тойлайтын болды. Мереке иелерін осылайша қуанышқа бөлеген шаһар басшысы мұғалімдерге деген риясыз құрметін білдіруді де ұмытқан жоқ.Ғабидолла Әбдірахымов, Шымкент қаласының әкімі: «Елімізде жылдан жылға педагогтарға деген талап күшейіп жатыр, бірақ бұған алаңдамаңыздар! Сіздерді ешкім жарты жолда қалдырып кетпейді, барлығын да бірге үйреніп, білмегенімізді де бірге меңгереміз. Бастысы, жаңартылған білім беру мазмұнында жаңарудан қалыс қалмаймыз деп ойлаймын! Иә, Біз — біртұтас қоғамбыз. Миллионды қаламен бірге дамып, өсіп өркендейтін шаһардың тұрғындарымыз. Əртүрлі салаға бөлініп қызмет етсек те, көтерген жүгіміз бір, мақсаты айқын бір ұжымбыз. Шымкент қаласын дамыту бағытында бəріміз бірге жұмыс істейік. Сіздер білім беріп, тəрбиелеген Шымкент жастары Қазақстан халқына қызмет етіп, абыройларыңызды асқақтата берсін!»Марапаттау рәсімі кеш кейіпкерлерінің құрметіне арналған концерттік бағдарламаға ұласты. Айта өтейік, бүгінде үшінші мегаполисте 147 мектеп бар. Онда 15 040 мұғалім қызмет етеді.

Мөлдір Бекеева