Бүгін, 5 — қазанда Шымкентте ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауы өтті. Сайлау Сенат депутаттарының екі мандаты бойынша бір мерзімде өткізілді. Сайлауға қалалық мәслихаттың 29 депутатының 26-ы қатысып, үміткер ретінде тіркелген 6 кандидаттың арасынан өз таңдауын жасады.
Айта кетейік, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 9 кандидаттың тіркелгенін хабарлаған болатын. Алайда сайлау алдында өзін-өзі ұсынған А. Мырзағалиев қалалық сайлау комиссиясымен тіркелмей, екі үміткер Владимир Доронин мен Ғалымжан Майханов өз кандидатуларын 1-ші қазанда алып тастаған.
Қалған үміткерлердің қатарында «БанкЦентрКредит» АҚ Шымкент қаласы филиалының қызметін қолдау басқармасының бастығы Серік Алданов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров, «Global A» ЖШС-і директоры Бижан Жылкелдиев, «Манкент шипажайы» АҚ бас директорының орынбасары Ғани Қарабеков, уақытша жұмыссыз Дархан Сатыбалды және «Шымкент-сауда» ЖШС-і директоры Асқарбек Үркімбаевтар болды. Сайлаудың барысын үміткерлердің сенімді өкілдері, бақылаушылар мен БАҚ өкілдері бақылаған еді
Түркістан сарайында өткен сайлауға алғашқылар болып тіркелген Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Еркін Сатқанбаев өз құқығын пайдаланып дауыс берді. Халық қалаулысы республикалық маңызы бар қалалар қатарына енгізілген Шымкент қаласынан ҚР Парламенті Мәжілісі Сенаты депутаттығына сайланатын үміткерге қояр талабы жоғары.
Еркін Сатқанбаев, қалалық мәслихат депутаты: «Біз бүгін 6 үміткердің арасынан екі үміткерге дауыс беруіміз керек. Сенатта Шымкент халқының үмітін ақтайтын білікті, білімді, саяси сауатты азамат болуы тиіс. Шаһарымыз күннен-күнге дамып, көркейіп келеді. Мегаполис ретінде танылуы үшін сайланған Сенат депутаттары күш-жігерлерін, бар тәжірибелерін қосып ат салысуы тиіс. Олар жауапкершілікті сезініп, еліміз, халқымыз үшін адал қызмет етуі тиіс. Оларға сәттілік, баршамызға амандық тілеймін».
Сайлауға қатысатын әрбір таңдаушының тіркелгені осында орнатылған монитор арқылы көрсетіліп, пайыздық санымен бақылаушылар, сенімді өкілдер танысуға мүмкіндік алды
Бану Ордабаева, бақылаушы, ҮЕҰ өкілі: «Сайлау Заңға сәйкес өтті. Оның барысын өзіміз залда бақыладық. Барлығы ашық, жариялы өтті. Ешқандай сын ескертпеміз жоқ».
Саяси шара ҚР Сайлау туралы Заңына сәйкес жүргізілді. Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы сайлауға қатысқан қалалық мәслихат депуаттарын бюллетенді қалай толтыру қажеттігі және құқықтары, тиым салынған жәйттармен толық ақпараттандырды.
Таңдаушылардың алдында сахнада орналастырылған бюллетендерге арналған жәшік бекітілді. 30 бюлеттеннің 26-ы депутаттарға таратылып берілді. 4-і жойылды. Дауыс беру аяқталған соң комиссия мүшелері санақ жүргізіп, қорытындысын төраға жария етті.
Марс Елекеев, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы: «Сайлау қорытындысы бойынша 2014 жылғы өкілеттік мерзім бойынша Дархан Сатыбалды 21 дауыспен, 2017 жылғы Шымкент қаласынан сайланған сенаторлардың өкілеттік мерзімі бойынша Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Нұрлан Бекназаров 22 дауыспен жеңіске жетті. Енді қалалық сайлау комиссиясы сайлау қорытындыларын Орталық сайлау комиссиясына жолдап, сайлау нәтижесін ресми түрде жария етеді».
Шымкент қаласынан ҚР ПМ Сенаты депутаттары болып Нұрлан Бекназаров және Дархан Сатыбалды сайланды.
Шынар Оразова