Облыс басшысы 4 ауданның жаңа әкімдерімен кездесті

0

Түркістан облысының 4 ауданында алғаш рет пилоттық жоба бойынша әкім сайлауы өтті. Олар Созақ, Бәйдібек, Мақтаарал, Шардара аудандары. Саяси шара қорытындысына сай жаңа әкімдерді өңір басшысы арнайы барып таныстырып, мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында бірқатар міндеттер жүктеді.

Созақ ауданындағы пилоттық режимде өткен сайлауға 3 кандидат қатысқан. Соның ішінде Мұхит Тұрысбеков 16 016 дауыс жинап, аудан әкімі болып сайланды. Ол 1967 жылы Түркістан облысы, Созақ жерінде дүниеге келген. 2022 жылдан бері аймақта әкімдік қызмет атқарып келе жатқан ол, сенім білдірген халқына алғысын айтты.

Мұхит Тұрысбеков, Созақ ауданының әкімі: «Халыққа берген бірқатар уәдеміз бар. Тапсырмалар көп. Бұның бәрі бір өзімнің қолымнан келмейді. Басқарма басшылары, командамыз бар жоспарға сәйкес бар күш жігерімді салып, берген уәдемді орындаймын. Сенім білдіргендеріңізге рақмет»

Ал Мақтаарал ауданында Бақыт Асанов сайлауда жеңіске жетті. Оған 29 мыңнан аса тұрғын сенім білдіріпті. 1962 жылы туған азамат 5 жылдан бері аталған аймақтың әкімі қызметін атқарған. Халықтың басым қолдауына ие болған басшы мақтааралдықтарға өңірде атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарды жалғастыруға уәде берді.

Бақыт Асанов, Мақтаарал ауданының әкімі: «Мемлекет басшысының реформасы негізінде, халықтың басым көпшілігінің қолдауымен әкім болып сайландым. Дархан Амангелдіұлы сіздің және сенім білгірген халықтың үмітін ақтап, сайлау алды жоспарымды орындайтын боламын»

Бәйдібекте Ерлан Нұрмаханов басым дауысқа ие болды. Бірнеше жыл қатарынан халық қалаулысы атанған ол, қазір «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының мүшесі. Жаңа басшыны таныстыруға арнайы барған облыс әкімі бірқатар тапсырма берді.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Жаңа басшыға үлкен жауапкершілік пен маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Аудан экономикасы мен жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытында жаңа жобалар күтеміз. Ауыл шаруашылығы мен туризм саласын дамытуға, инвестиция тарту бағытына басымдық берген жөн. Бәйдібек ауданында экотуризмді, зиярат туризмін дамытуға мүмкіндік көп. Жаңа өндіріс орындарын ашып, жұмыс орындарын ашу керек. Халықпен бірлесе отырып, қордаланған мәселелерді жедел шешуге күш салады деп сенемін».

Ал шағалалы Шардараның әкімі болып 1977 жылы туған, аудандық мәслихатының экс-төрағасы Арман Қарсыбаев сайланды. Үміткерге 30 мыңға тарта тұрғынның 18 мыңы дауыс берген. Жаңа басшыны ұжымға таныстыру арнайы барған облыс әкімі Арман Қарсыбаевқа бірқатар міндеттер жүктеп, жұмысына сәттілік тіледі.