Шымкенттің жол қиылыстарында жаяу жүргіншіге қауіп көп

528

Шымкенттегі Мәделі Қожа және Ж. Тәшенов көшелерінің тұрғындары бағдаршам мен жолаушылар жолағы жоқтығын айтып, редакциямызға шағымданды. Салдарынан көше қиылысында жол көлік апаттары жиі орын алады дейді. Бұл көшеге ешқандай қоғамдық көліктің қатынамауы тұрғындардың жайын тіптен қиындатып жіберіпті.

Мәделі Қожа көшесі автокөлік тығыны тығыз көше. Ж. Тәшенов көшесімен қиылысы тіпті қауіпті, өйткені жол апаты жиі орын алады. Осылай деп шырылдаған тұрғындар көшеден жандарын шүберекке түйіп өтетіндіктерін айтады.

Қайырбек Ермішев, көше тұрғыны: «Жаяу жүргіншілер жолағын қойып берсе екен тым болмағанда. Әсіресе, қыс мезгілінде қатты қиналып қаламыз. Мектепке бару, балабақшаға тасу тіптен қиындайды. Өтйкені жолдан өту мүмкін емес».

Осы қиылыстан оншақты метр қашықтықта жолаушылар жолағы бар. Бірақ жұртқа қиылыстан өткен қолайлы болғандықтан, жолаушылар жолағына қарай адымдайтындар некен саяқ.

Тұрғындардың басын ауыртқан бұл бір ғана мәселе емес. Көлігі көп көшеден бірде бір қоғамдық көлік жүрмейді. Жаяулатып, шақырымдап, талай көшеге сандалып барып аялдамаға жететіндіктерін айтады олар.

Қайырбек Ермішев, көше тұрғыны: «Біздің көше орталық көше болып қалды. Бұрын 47- ші маршрут жүретін еді. Кейін ол да 3 жылдан бері жүрмей қойды. Стадионға бару да мұң. Аялдамаларға жету үшін қанша квартал сандаламыз. Жаңа автобустар әкеледі деп жатыр ғой. Соның біреуін біздің көшеден жүргізсе екен дейміз».

Шымкент қалалық әкімдігіндегілер бұл мәселеден хабардар. Тіпті тұрғындардың қолында жауап хаттары да бар. Бірақ бір қызығы, жауаптылар «тұрғындар шағымданған емес» деп отыр… Түсірілім тобынан білгендей кейіп танытты.

Абай Тұрханов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары: «Бізге Ж. Тәшенов және Мәделі Қожа көшелері тұрғындарынан ешқандай шағым келіп түскен жоқ. Сіздердің жеткізгендеріңіз бойынша аталған орынға барып зерделейтін боламыз».

Сөйтіп, шымкенттік шенеуніктер көше тұрғындарының өтінішін қайтадан қарап шығатын болды. Қайта зерделеп барып, енді бағдаршам мәселесін шешеміз деп уәде беруде.

Жанар Есенбекова