Қауіпті қиылысқа бағдаршам орнатылды

Енді Д.Қонаев жолының қауіптілігі азайды. Бұдан былай мектеп оқушылары мен студенттер және зейнеткерлер барар жеріне өмірін тәуекелге байлап өтпейтін болды. Неге дейсіз ғой. Өйткені, Қонаев даңғылындағы қиылысқа бағдаршам орнатылды. Оны мамандар әуежайдағы орнынан ауыстырыпты.

Автокөлік жүргізушілерінің жаяу жүргіншілер жолын елемей көп ретте басып озатыны жалпыға аян жағдай. Олардың бұл қылығына шағымданғандар нәтиже шығара алмай әлек. Мәселенің шарықтау шегі 16 жасар оқушының трагедиялық өлімімен аяқталғаны әлі есімізде.

Марқұм болған Динара Атажанова сол сәтте жолақ өткел арқылы өтпек болып, «Ауди» маркалы автокөліктің екпінімен доптай ұшқан еді. Реттеуіш құралын қою үшін жергілікті биліктің назарын осындай жантүршігерлік жағдаймен аудару керек сияқты. Алайда мұны қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары біз айтқан жағдаймен байланыстырмайды.

Сөйтіп, ең қажетті өткелге бағдаршам қойылды ау әйтеуір. Енді мектеп оқушылары білім ордаларына алаңсыз баратын болды.

Ал мамандар болса келер жылы осындай тағы 10 бағдаршам қоюды жоспарлап қойған. Бұл үшін облыстық бюджет 80 миллион теңге бөліпті. Жылдамдықты реттеуіштер автоматты жүйенің көмегі бойынша жұмыс істемек. Яғни жаяу жүргінші арнайы түймешені басқаннан соң, қызыл түс жанып, автокөлікке белгі берілетін болады.