ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Дархан Сатыбалды Елбасының Жолдауына қолдау көрсетіп, талқылау мақсатында қала жастарымен кездесті.
Басқосуда Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауының жастарға арналған басым бағыттары сөз болды. Жастар ресурстық орталығында өткен жиынға жоғары оқу орындарының студенттері мен арнаулы білім беретін мекеменің шәкірттері қатысты.
Сенат депутаттары соңғы Жолдаудың жастар үшін серпін берер жағымды тұстары көп екенін атап өтті. Биылғы оқу жылында Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясында мемлекеттік грант санын арттыру және жатын орын мәселелері шешімін тапса, келер жылдың жастар жылы атанғалы тұр.
– Елбасы Қазақстан халқына үндеу жасаған кезде жастарды ерекше айтып өтеді. Ал биылғы Жолдауында 2019 жылды жастар жылы деп жариялады. Бұл дегеніміз жастардың басын қосып кездесу, форумдар өткізу ғана емес, күшті қаладағы жастардың әл-ауқатын арттыруға бағыттауымыз тиіс. Жастардың сапалы білім алуына да елімізде жағдай жасалуда. Оған дәлел ретінде Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасын» айтуға болады. Соңғы Жолдауда ең төменгі тұрмыс жалақысын 1,5 есе өсіруге тапсырма берілді. Ол да жастарға қатысты,- деді Дархан Амангелдіұлы.
Жиын барысында жастар сенаторларға өз ұсыныстары мен тілектерін жеткізді. Жоғары оқу орнының студенттері кәсіппен айналысып жүрген жас кәсіпкерлерді мемлекеттік салықтан босатуды, белсенді жастарға, оның ішінде еріктілерге көңіл бөлуді сұрады. Салауатты өмір салтын ұстауда қаладағы ескі ғимараттардың пайдалануға берілуіне ықпал етуін өтінді.
Халық қалаулылары жастармен етене жұмыс жасауға әзір екенін, ұсыныс-тілекке әрдайым ашық екендерін жеткізді.
shymkent.gov.kz