Төлеби ауданының дихандары «Алтын күз» мерекесін сән салтанатымен атап өтті. Қамба астыққа, ұра қыстық азыққа толатын берекелі күз айының ең қадірлі мерекесін тойлауға жиналғандардың қарасы қалың болды.
Кәсіпкерліктің көрігін қыздырып, шаруа қожалығының да жұмысын жандандырып жүргендер ауданда жетерлік. Ерінбей еңбек еткендер марапат алып марқайып жатты. Төлебиліктермен бірге тілшіміз де «Алтын күзді» бірге тойлап қайтты.
Қоғалы ауылдық округіндегі «Ерсұлтан» шаруа қожалығының төрағасы Серғали Жансейітов үшін де биылғы жыл жемісті болды. Бау шаруашылығын дамытып отырған дихан аудан басшылығы тарапынан арнайы марапатқа ие болды.
Серғали Жансейітов, «Ерсұлтан» шаруа қожалығының төрағасы: «2011 жылы 25 гектарға тамшылатып суғару тәсілімен алма еккенбіз. Сыйымдылығы 100 тоннаға жететін қойма салдырдық. Биыл өнім жақсы болды. Ішкі нарыққа 100 тоннадан астам өнім шығардық».
Ауданның көрскеткіштеріне керемет үлес қосқан шаруалар өз өнімдерінен көрме ұйымдастырып, соңы жәрмеңкеге жалғасты. Шаруа мен диханның еңбегі еленетін ерекше мерекеде ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Қол күресінен, еркін күрестен білек күшін танытқандар да, қошқар көтеруден мықтылығын сынға салғандар да көп. Ал ең бастысы мал баққанды кәсіп қылған қарапайым шаруалардың айдарынан жел ескен күн болды.
«Алтын күз» мерекесі тек той тойлау емес, еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биылғы жыл төлебиліктер үшін табысты болды. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 19 млрд. 241 млн. теңгеге жетіп қазына қоржынын қомақтыландырып отыр. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы саласындағы жетістіктер де 100 пайыздан асып жығылады. Ендеше төлебиліктер үшін күз мерекесін қалай думандатып тойласа да жарасады.
Гүлжан Көшерова