«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-інің жұмысына қатысты қоғамдық тыңдау өтті

725

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 2015-2017 жылдар аралығында электр жүйелерінің біраз бөлігі жаңартылды. Бұл туралы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің бас директоры Мұрат Ибрагимов мәлімдеді. Бүгін Әл Фараби аудандық әкімдігінің мәжіліс залында аталған серіктестіктің 2015-2017 жылдар аралығында жүргізген жаңғырту жұмыстары бойынша жиын өтті.

Оған табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі облыстық, қалалық департаменттері мен «Нұр Отан» партиясының өкілдігі ұйытқы болды. Инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы есеп берген жиында серіктестік басшылығы жеткен жетістіктері мен кемшіліктерін де жасырмады.

Инвестициялық бағдарламаның арқасында тозығы жеткен энергетикалық жабдықтар жаңартылған. Серіктестік басшылығының айтуынша, жүйелердің ескіру көрсеткіші 68 пайыздан биыл 51 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен, бұл жарықтың сөнуі түбегейлі болмайды дегенді білдірмейді.

Биыл жарықтың апатты сөнуі 149 рет орын алыпты. Алайда ол өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге кем екен. 2010 жылы жарық бір жылда апатты жағдайда 428 рет өшіпті. .

Мұрат Ибрагимов, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-нің директоры: «Әрине жарық мүлдем өшпейді деп айта алмаймын, өшеді. Бірақ біз оны азайту үшін түрлі тәсілдерді қолданамыз. Желіні, трансфарматорларды жаңартамыз».

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-іне қарасты электр жүйелері мен қондырғылары 1950-80 жылдары жобаланып, іске қосылған. Бүгінде тұтынушылардың саны 600 мың абонентке жетіпті. Инвестициялық бағдарламаның арқасында 1917 шақырым желі жаңартылған.

Қазір бүл саладағы ең өзекті деген мәселе және тұрғындардың жиі шағымданатыны жеке трансформаторлар болып отыр. Сала мамандарының айтуынша Түркістан облысы мен Шымкент қаласында әлі жекенің қолында 400 трансформатор бар екен.

Жиынға табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау бойынша облыстық, қалалық департамент басшылары мен Нұр Отан партиясының облыстағы жетекшілігі де қатысты. Олар өз тараптарынан ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Қоғамдық тыңдауға келген қалың қауым серіктестіктің 2015-2017 жылдары аралығында атқарған жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді.

Нұрлан Күдерұлы