34 жылдан кейін ғана күрделі жөндеуден өтті

416

Шымкентте тағы бір балабақша күрделі жөндеуден өтіп, жаңартылды. Маусым айында басталған құрылысты мердігерлер толығымен аяқтап, 280 бүлдіршін өз бақшасына барды.

Қаладағы №40 «Нұрлан» балабақшасының балғындары күрделі жөндеуден өткен су жаңа балабақшаларына қайта оралды. 1984 жылы қолданысқа берілген нысанда бүған дейін тек ағымдағы жөндеу жұмыстар ғана жүргізілген. Биыл ғимараттың шатырынан бастап еденіне дейін жаңартылыпты. Электр, жылу жүйелері де жаңартылып, мектепке дейінгі мекеме танымастай өзгерген. 6 ай бойы балаларын басқа бөбекжайларға тасыған ата — аналардың қуанышында шек жоқ.

Балабақша басшыларының айтуынша, құрылыс мерзімі аздап созылғанымен сапасы көңілден шыққан. Оған қоса, мердігер мекеменің екі жылдық кепілдемесі де бар. Алдағы көктемде балабақшаның ауласын абаттандырып, жасыл желекке айналдырамыз дейді құрылысшылар.

Күрделі жөндеу жұмыстарының барысында балабақша аумағы толық жарықтандырылыпты. Электр таратқыш қондырғы да орнатылған. Бақша айналасында бүлдіршіндердің жүріп тұруына ыңғайластырылып, аяқжолдар төселген. Ойын алаңшалары қойылған. Осының барлығын 150 адам жаз бойы атқарған. Есесіне, жауаптылар құрылыс материалдарының да, өз тірлігінің де сапасына сенімді.

Нұрлан Күдерұлы