«7-20-25» бағдарламасы: Шымкент ең соңғы орында

398

Шымкент «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда өзге аймақтармен салыстырғанда кенже қалып келеді. Осыған дейін азаматтардан түскен өтініштердің небәрі 43-і ғана мақұлданған. Бұл туралы бүгін бағдарламаны іске асыру жолдары талқыланған халық кеңсесінде өткен жиында айтылды. Елбасы тапсырмасы неліктен өз деңгейінде орындалмай жатыр? Оған не кедергі?

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті: «Мәселе бағдарламаның қалай іске асатынында. Қазір қанша өтінім түсті. Кім біледі?… Тек екі мың ғана. Сонда үй алғысы келетіндер жоқ па, әлде шарттары қиын ба?… Үкімет жұмыс істемейді, Бақытжан (премьер-министр Сағынтаев). Әкімдер жұмыс істемейді. Сендерге басқа не керек? Адамдардың өмірін жақсарту үшін сендерге басқа не керек?».

Президент тұрғын үй бағдарламасын іске асыра алмай отырған үкімет пен әкімдерді сынағанына 1 ай өтті. Содан бері Шымкентте бағдарламаны іске асырудың тетігі әлі күнге табылмай отыр. Бұған не кедергі? Біріншіден өңірде басқа аймақтармен салыстырғанда жалақы әлдеқайда төмен. Бұл да Елбасы тапсырмасын орындауға кедергі. Себебі банктер тәуекелге бара бермейді.
Екінші себеп, пайдалануға берілетін дап-дайын тұрған баспаналар аз дейді саладағылар. Банк өкілдерінің сөзіне қарағанда «7-20-25» бағдарламасымен үйлі болғысы келетіндер сатылымнан бағасы мен сапасы ойдан шығатын жылжымайтын мүліктерді таба бермейді екен. Алайда, құрылыс саласының мамандары мұны жоққа шығарып отыр.

Ғалымжан Өтенов, Шымкент қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары: «7-20-25″ бағдарламасын іске асыруға бізде мүмкіндік бар. Қазір 1400-ден астам пәтерлер пайдалануға дайын…».

Қалай дегенмен, Елбасы тапсырмасын орындауда жұдырықтай жұмылуы тиіс жауаптылар әлі күнге «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алмай» әлек. Құрылысшылар бағдарлама аясында берілетін үйлердің жеткілікті деп сендірсе, банктегілер клиенттерінің сатып алуға баспана таба алмай сандалатынын айтады.

Бұл ретте сала өкілдері арасында ақпараттық және ұйымдастырушылық жұмыстардың кемшін түсіп жатқанын аңғару қиын емес. Ия, үйсіздерді үйлі етуі тиіс бағдарламаның діттегеніне жете алмай отырғанына құжаттағы кей шарттардың қолайсыздығы себеп болып отырғанын саладағылар да жоққа шығара алмайды. Дегенмен, бағдарлама қабылданды. Оған әзірге ешқандай өзгеріс те енгізілмек емес.

Мақпал Рысбаева