Жас мамандарды қолдауға арналған Мемлекеттік бағдарламалар кей жағдайда жүйелі жүзеге аспай жататыны жасырын емес. Дегенмен сауатты мамандардың қолдауының арқасында тиісті дүниеге қол жеткізетіндер де бар. Анаркүл Бекболатова жоғары оқу орнын бітірген соң арманын арқалап ауылға аттанды.
Бала кезіндегі басты мақсаты мұғалім болу-тын. Бүгінде Шұбарсу ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Басты арманы орындалғанымен баспана мәселесі басты ауру болғанын да жасырмайды.
Жас маман Анаркүл Бекболатова 2012 жылы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылындағы Б.Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебіне жұмысқа орналасқан. Елбасының «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жастарға тұрғын үй алу үшін несие беріледі дегенді естіп, құжаттарын тапсырған. Алайда 6 жыл бойы тиісті несиені ала алмай келіпті. Ақыр соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті мамандарының араласуымен тиісті көмекті алуға қол жеткізген.
Анаркүл Бекболатова, Б. Нұрлыбеков атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі: «Экономика бөліміне барғанымда дұрыс нұсқау көрсетпеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы менің құжаттарыма оң нәтиже шығаруға ықпал етті. Алдағы уақытта тұрғын үйлі болып, жұмысымызды дұрыс атқарамыз деген ойдамын».
Үкімет тарапынан жас мамандарды қолдау үшін бірқатар жеңілдіктер, бағдарламалар қарастырылып жатыр. Алайда бұған жергілікті жерлерде бюрократиялық кедергілер кесірін тигізеді. Оны қалпына келтіруге, біздің бір ғана кейіпкеріміздің алты жыл уақыты кетті.
Ғалым Тұрсынбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы: «Нұр Отан» партиясы ның ғимаратында жеке қабылдау өткіздік. Қабылдауға 5 адам келді. Барлығына жауап беруге тырыстық. Жуырда ғана қабылдауымда болған азаматша өзінің мәселесінің шешімін тапқаны үшін рахметін айтып жатыр. Жеке азаматтардың мәселесі шешілуіне септігімізді тигізіп жатқанымыз бізді қуантады».
Өкінішке қарай, Анаркүл Бекболатова сияқты, жолы болған мамандар көп дей алмаймыз. Ауыл аймақты, туған жерді тың серпіліспен түлетуге білікті мамандарды тартуымыз керек деп ұрандатқанымызыбен қолайлы жағдайлар жасауда кемшін тұстар баршылық. Жетер жеріне жеткізбей кедергі келтіретіндер дер кезінде жазаланса, жүйе біршама түзелер еді. Айтуға оңай, әрине…
Гүлжан Көшерова