Сайрам ауданының экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштері өсіп келеді. Биыл 31 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда ауыл шаруашылығынан бөлек, жаңа кәсіпорындар ашылып, жұмыссыздар саны да азайып келеді. Өнімі сұранысқа ие өндіріс орындары да көп.
Орынбек Үсенов, оператор: «Таңертеңгі ауысымға түстім. Тапсырыс келген. Оны ертең түске дейін орындап шығуымыз керек. Ақбай ауылында тұрамын. Сегіз жыл болды осы зауытта жұмыс істегеніме. Айлығымызды уақытылы аламыз. Қыста, жазда тұрақты жұмыспен қамтылғанбыз. Тапсырыста көптеп түсуде».
Кабельді электр сымдарын шығаруға қажетті шикізатты зауыт «Қазақмыс» және Шымкенттегі кәсіпорынға жеткізеді. «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның қуаттылығы жылына 7 мың 200 метр сым шығару.
Арнайы затпен қапталған кабельді электр сымдары жер астында пайдаланылады. Суыққа, ылғалға төзімді болғандықтан сұраныс жоғары. Қаптаманы механикалық зақымнан, тоттанудан қорғау үшін қорғауыш жамылғымен орайды. Бронды қабат ретінде қалыңдығы. 0,3 – 0,8 мм болат лента пайдаланылады.
Шынар Оразова