Шымкентте медициналық мобильді қосымшаға тіркелгендердің қатары артып келеді. Смартфондағы ақпараттық жүйені қолданатындардың басым бөлігі жүкті әйелдер. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Ғалымжан Әбіш тілшілерге берген сұхбатында мәлімдеді.
Шымкенттегі денсаулық сақтау мекемелерінде медициналық ақпараттық жүйелер орнатылып, жұмыс істеп жатыр. Қаладағы емхана мен ауруханалар «Даму мед» және «Жарқын болашақ» компанияларының мобильдік қосымшалары бойынша электронды форматта халыққа қызмет көрсетуді жолға қойған.
Мұндай қосымша арқылы 135 мыңнан аса шымкенттік дәрігердің қабылдауына жазылған. Ал 3 163 пациент дәрігерді үйіне шақыртқан. Салаға жауаптылардың сөзінше, аптасына 1500-ге жуық азамат мобильді қосымшаны пайдалануға тіркеледі. «Смартфондағы медициналық қосымшасын пайдаланатындардың басым бөлігі жүкті келіншектер» дейді мамандар.
Ғалымжан Әбіш, қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы: «Ең жоғарғы көрсеткіш жүкті әйелдердің динамикалық жағдайы. Бұл қуантарлық жағдай, жүкті әйелдердің болашақ сәбиінің денсаулығына деген алаңдаушылық бары қуантарлық жағдай».
Мобильдік қосымшамен жұмыс істеу дәрігерлерге де тиімді. Шаһардағы барлық медициналық мекемелер ғаламтормен қамтылған. Тіркелген емханыңыздағы IT мамандар смартфоныңызға қосымшаны жүктеп беруге әзір. Әрі толық толық ақпарат бере алады.
Ғалымжан Әбіш, қалалық денсаулық сақтау басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы: «Мүмкіндігі мол мобильді қосымшаның артықшылығына тоқтала кетсек. Біріншіден, науқас дәрігерге қаралуға ұзақ уақыт кезекте тұрмастан, көп уақытын үнемдейді. Екіншіден, қағазбастылықты қысқартуға болады. Үшіншіден, пациент пен дәрігер кез-келген уақытта онлайн жүйе арқылы байланысады. Төртіншіден, дәрігерді үйге шақырту арқылы пациенттің қаржысы мен уақыты үнемделеді. Мақсат — денсаулық сақтау саласындағы шығындарды азайту».
Айта кетейік, емханадағы дәрігерлер электронды денсаулық куәлігі арқылы да жұмыс істейді. Жаңа жылдан бастап, қағазсыз қызмет көрсетуге көшеді.
Лаура Нақыпқызы