Сарыағашта мектеп оқушысы мобильді қосымша мен қазақша сөйлейтін робот құрастырды

Сарығаш ауданында 10-сынып оқушысы “JARIQ” жасанды интеллект мобильді қосымшасын жасап, табысқа қол жеткізе бастады. 100 – ден аса тілде қызмет көрсететін қосымша дыбыстық хабарламаларды жазбаша мәтінге айналдырып, қойылған сауалға кез келген тілде жауап береді. Жас ғалым енді оқушыларға арнап интелектуалды ойын жасап шығаруды қолға алған.

10-сынып оқушысы Жансерік Камал “JARIQ” атты мобильді қосымша шығарды. Бағдарлама дыбыстық хабарламаны 100-ден аса тілде жазбаша мәтінге айналдыра алады. Сонымен қатар, сауалдарға жауап та береді. Жасөспірім тың жобасымен республикалық байқауда топ жарды. Жас ғалым ойлап тапқан мобильдік қосымшаны бүгінде “Google Play Market”-тен жүктеп, 150-ге тарта адам қолдануда.

«Қазір «Жарықты» көптеген адам қолданады. Бұл қосымшаның негізгі мақсаты – адамдардың уақытын үнемдеу. Менің бақылауым бойынша мұны көп оқушылар пайдаланады. Күнделікті өмірде қосымша ақпараттар іздеу барысында, кітаптар іздеу барысында пайдаланатынын бақылап отырамын. Менде толық статистикасы бар. Егер оқуға ерінсеңіз, қысқаша мәлімет те ұсынады«, – дейді Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Жансерік Камал.

Мобильді қосымша оқушының алғашқы жобасы емес. Жансерік демалыс орындарына келген қонақтарға сусын жеткізуші «Қолқанат» роботының макетін жасап шығарған. Ақылды робот аппараттық және бағдарламалық жасақтамадан тұратын арнайы платформа арқылы жасалған. Ол дыбыс жазатын сайт арқылы қазақ тілінде сөйлей алады.

«Бұл роботтың ерекшелігі – қонақ үй, мейрамханаларда келген адамдарға сусын ұсынып, олармен сөйлесіп, көңіл күйін көтеруге қосымша бір элемент ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, шетелдік туристерге Қазақстан туралы жағымды эмоция қалдырады деп санаймын«, – деді жас ғалым.

Дарынды жасөспірім өткен жылы «Сарыағаш туризм» қосымшасын іске қосты. Курорттық аймақ туралы толыққанды ақпарат ұсынатын қосымшаны бүгінде 300-ден аса адам қолданады. Республикалық конкурста жүлделі орын иеленген жобаға қызығушылық танытқандар да жоқ емес.

Тәңірберген Есенов, Сарыағаш ауданы №4 мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернаты директорының орынбасары: «Өзінің шығармашылығымен танылып жүрген бала. Қабілеттерінің ашылуында ұстаздардың да еңбегі зор».

15 жастағы сарыағаштық жас ғалым қазір өзі сынды оқушыларға интелектуалды ойын жасауды қолға алған. Жансеріктің алдағы мақсаты – ғылым мен техниканың тылсым тұстарын барынша терең меңгеру. Оқушының бұл бағытта алға қойған мақсаттары да толағай.