Мас жүргізушінің көлігінен есірткі мен суық қару табылды

467

Түркістан облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен жергілікті полиция қызмекткерлері Түркістан қаласындағы орталық көшелердің бірінен «Фольксваген» көлігін тоқтатқан. Алайда жол көлік ережесін бұзған жүргізуші тәртіп сақшыларын көре салысымен бой тасаламақ болған.

Облыстық ПД мәліметінше тәртіпке бағынғысы келмеген жүргізуші бағдаршамның қызыл түсінен өтіп кеткен. Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы ишарасына бағынбай көлігін тастай салып қашқан. Алайда көп ұзамай полицейлердің құрығына ілікті.

Тексеру барысында оның мас күйінде рөлге отырғаны анықталды. Әрі күдікті Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Ең сорақысы көлігін тексеру барысында аңшы мылтығы мен сіріңке қорапшасына салынған марихуанаға ұқсас есірткі шөбі табылды.

«Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 287 («Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру») және  296 («Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу») баптары бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сезікті уақытша тергеу абақтысына қамауға алынып, өз қылмысын толық мойындады. Бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Полицейлер қолға түскен тұрғынның суық қаруды қандай мақсатта алып жүргенін анықтап жатыр» делінген хабарламада.

Ұсталған тұрғын сондай-ақ жол ережесін өрескел бұзып, бағдаршамның қызыл түсіне өткені, көлігін тоқтату туралы полиция қызметкерінің айтқанына бағынбағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болды.