Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төртінші әлеуметтік бастамасы аясында шағын несие беру бағдарламасының ауқымы кеңейіп келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Министрліктің мәліметінше, биыл Мемлекет басшысының төртінші әлеуметтік бастамасы аясында шағын несие беру бағдарламасын кеңейтуге басымдық берілген. Осы мақсатта 2018 жылы бағдарламаны қаржыландыру көлемі 20 млрд теңгеге көбейтіліп, жалпы қаражат көлемі 62,6 млрд теңгені құраған.
Оның ішінде ауылды жерлерде несие беруге 45,3 млрд теңге, ал қалаларда 17,3 млрд теңге жұмсалатын болады.
«Жалпы, жоспар бойынша 2018 жылы 14 мыңнан астам адам микронесиемен (ауылда — 11 мың, қалаларда — 3 мың) қамтылады. Осы уақытқа дейін 8 492 микронесие беріліп, оның 7 544-і ауылдарға, 948-і қалаларға бөлінген. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 2018 жылы бизнесті жүргізуге 30 мың ауыл, шағын және моноқалалардың тұрғындарын оқыту көзделген болатын. 1 қазандағы жағдай бойынша 21,6 мың адам немесе жоспардың 72 пайызы кәсіпкерлік негіздерін оқып бітірді», — деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметінен.