Бүгін «Отырар» қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында елімізге белгілі суретші, фототілші Қасымбек Нұрбекұлына арналған бұрыш ашылды. Ерекше түрде лентасы қиылған бұл бұрышта Қасымбек Нұрбекұлының қылқаламынан шыққан түрлі картиналары, өзі сурет салуда пайдаланған барлық заттары және де өмір бойы жанына серік еткен фотоаппараттары да қойылған.
Қасымбек Нұрбекұлының ғұмыр тарихы мен қызмет жолы туралы көзкөрген үзеңгілестері, әріптес, ізбасарлары жан-жақты әңгімеледі. «Бұл бір еркін форматтағы, әзілі мен көңіл жадыратар естеліктерге толы сәт болды», десті олар. Еңбек жылдарының естеліктерін көпшілікке ұсыну сағатын, осы бір ерекше кездесуді ҚР Мәдениет қайраткері, режиссер Сая Қасымбек жүргізді.
Мәдениет ошағындағы естелік алаңы ұл-қыздарының бастамасымен ашылып отыр.
Бұған дейін өңірімізге, елімізге есімі белгілі талай тұлғалардың, өнегесі мол азаматтардың бұрышын, музей-бөлмелерін ашып, келушілерге рухани азық беріп, өресін кеңейтуге атсалысып отырған кітапхана басшылығы бұл ұсынысқа қолдау білдірген.
Енді суретшінің пайдаланған заттарын, бірқатар еңбектерін осында көруге болады. Бұл күні айтылған жылы естеліктерді жастар да ерекше ыждахаттылықпен қабылдады.
«Есімі әкемнің атымен аттас болғандықтан бірден ол кісіні «әке» деп атадым. Өмірімдегі ол кісінің алатын орны бөлек» дейді қазақ театрының көркемдік жетекшісі Сая Қасымбек. «Әкесі» жайлы жазған мақалаларының тарихын айтып, жиналған көпшіліктің езуіне күлкі ұялатты.
Сая Қасымбек, ҚР Мәдениет қайраткері: «Суреттің бір тамашасы ол шетел аса алады. Өйткені онымен ұлттың болмысы, құндылығы өзге адамдарға танылады. Кезінде Қасымбек Нқрбекұлы қазіргі ЮНЕСКО көрмесімен пара-пар Мәскеудегі ВДНХ-ға барып көрмесін қойған. 1989 жылы бұл кісінің қаламынан шыққан суреті алтын медаль алған. Осы кітапханадағы бұрышты ашуға мұрындық болғаны үшін кітапхана басшысы Күлия Айдарбекова ханымға біздің алғысымыз шексіз! Және кітапханаға келуші оқырмандарды «Өнер» бөлімінде орналасқан Қасымбек Нұрбекұлының бұрышын тамашалауға шақырамыз!».
Суретші өз ғұмырында 1000-нан астам картина жазған. Қасымбек Нұрбекұлының живопись, графика саласындағы туындыларынан басқа көркем фото суреттері де көп.
Польша, Чехословакия, Болгария сияқты Еуропа елдерінде көрмелерге қойылып, көрермендерден өз бағасын алған фотосуреттердің арасында «Нелли Ким», «Нағима Есқалиева», «Роза Бағланова», «Роза Рымбаева», «Сырдариядағы кеш», «Өгем сілемдері», «Қызылқұм» сияқты сериялар бар. Мұның көпшілігін осы бұрыштан көріп, тамашалауға болады.
Меруерт Ахан