Прокурорлар мектеп қызметкерлеріне қосымша ақы төлетті

333
Фото SN.kz

Түркістан облысына қарасты Сарыағаш ауданындағы мектеп қызметкерлеріне еңбекақыға қосымша төлемдер берілмей келген. Мұндай заңбұзушылықтар кезекті прокурорлық тексерулер барысында анықталып отыр.

Түркістан облыстық прокуратурасының мәліметінше, Сарыағаш ауданындағы мектептерде от жағатын 92 жұмысшыға 6 млн теңге көлемінде қосымша ақы төленбеген. Бұл қаражат қызметкерлердің зиянды жұмыстармен айналысқаны үшін берілуі тиіс болған. Аудан прокурорының ұсынысымен от жағушылардың еңбекақылары қайта есептеліп, пайда болған берешек толығымен өтелді.

Сондай-ақ Арыс ауданындағы балабақшаларда да осындай заңбұшылықтар тіркелген. Онда 601 қызметкерге жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттары жасалмай келгені анықталды. Еңбек кодексінің (23-бабы 2-тармағының 15-тармақшасы) талаптарын бұзғандарға шара қолдану үшін аудан прокуратурасы Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасына ұсыныс енгізді.

Бүгінгі күні прокурорлық акті негізінде аудандағы балабақша қызметкерлері жазатайым оқиғалардан толығымен сақтандырылып, заң талаптарын бұзуға жол берген балабақша басшылары Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 230-бабының 2-тармағымен жауапқа тартылды.

turkistan.prokuror.gov.kz