Тойда отырмыз. Қарсы алдымда жап-жас бойжеткен. Зерттеуге кірістім. Тұла бойында бояу тимеген бір мүшесі қалмаған-ау. Түзелген. Күзелген. Шаш боялған. Әдемілеп әдіптелген. Қас хас шебердің қолынан шығыпты. «Өзінікіндей». Тау халқына тән шығыңқы мұрын сүйір мұрынға айналған. Ал томпақ беті косметиканың «құдіретінің» арқасында сопақ бетке айналған. Ал кірпігі… 3Д. Сояудай, сояудай, бұзаудың кірпігі. Ал нағыз келбетін ойша елестетіп отырмын. Бетіндегі бес тонна бояу кетсе, адам танымас кейіпке енері белгілі. Ал жанында отырған бойжеткен тек ернін ғана сүріпті. Тал бойында бір мін жоқ нағыз қазақы сұлу. Тамсандырардай. Екеуі екі бөлек әлем. Бірі жирендірсе, бірі сүйсіндірердей.
Соңғы әлетте жасанды сұлулық жаулап алғаны жасырын емес. Жас қыздар жарассын, жараспасын ақшасын судай шашып, барлық сән «жаңалықтарын» жапсыруға құмар. Ал оның тарттырар азабы жайлы тіптен ойланбайды дерсіз…
Жыл басынан бері пластикалық хирургтардың көмегіне жүгінген екі келіншек ажал құшты. Бірі алдыңғы іш қабатының, жамбасының және қос бүйірінің майын алғызу үшін липоксация процедурасын жасатқан. Ал екіншісі пластикалық ота жасатқан… Бірақ қайғылы жағдай сұлулық жолында жарысқа түскендерге тұсау бола алмай отыр.
Әжімді әдіптеудің әлегі аз емес…
Бүгінде «бетім қисық» деп айнаға өкпелеудің қажеті шамалы. Әжімді әдіптеп, әдеміленудің нешетүрлі жолдары бар. Пластикалық ота жасатуға құмартушылардың қатары да артып келеді. Бетіне сан қатпарлы сызық түсірмеу үшін, сұлулығын сақтап қалу үшін пышаққа түсуден қорықпайтындар жетерлік. Әрине жасанды сұлулықтың жастығыңды қайтарып бере алмайтыны белгілі. Алайда уақытша болса да кәрілікті тоқтата тұруға күші жетеді. Дегенмен оның ертеңгі күні тарттырар азабы да аз емес.
«Мәңгі жас» болып қалу үшін арпалысатындар бұрын тек шетел асып кететін болса, бүгінде отандық дәрігерлер де өз елімізде арзандау бағаға әжімді әдіптеп беретін болды. Табиғи заңдылыққа қарсы шығып, қолдан сұлу болғысы келетіндердің қатары тіптен көп.
«Қисық аяққа қызыл кебіс не теңімнің» күні өткен. Енді аяқтарын түзулеуге ден қойғандардың қатары артқан. Подиумға шығып, көркін паш етпесе де, мини юбка киіп көстеңдеуге құмар келіншектер әлі де болса бар.
Бүгінде қаптап кеткен жеке клиникалар ауызды қалағанынша ашады. Өйткені құрбандықты қажет ететін сұлулық үшін ештеңесін аямайтын нәзікжандылардың көп екендігін білгендіктен жанды жерден ұстап ұтады. Әрине туа бітті кемістіктің кесірінен, жол апатынан кейін ота жасатуға бел буғандарға айтар уәж жоқ. Дегенмен өзінің табиғи жаратылысына қарсы шығып, ертеңгі күні тарттырар азабын біле тұра қауіпті қадамға баратындарға қайран қалмасқа шара жоқ.
Жасанды сұлулыққа құмарлық осылай жалғаса беретін болса, аз жылдардан соң қазақтың табиғи кескін келбеті қандай болғанын мүлдем ұмытып та қаламыз-ау. Расында солай…
Ажарлы болуға асықтардың арқасында пластикалық хирургия үлкен индустрияға айналып болды. Жеке клиникалардың саңырауқұлақша қаптауына да сұлулық үшін ақшасын аямайтындар өкірте үлес қосуда.
Соңғы әлетте елімізде ең көп таралған пластикалық ота түрлері – блефаропластика, омырау үлкейту тұр, одан кеінгі тізімді smas-лифтинг пен липосакция жалғастырады. Пышаққа түсу оңай емес. Дегенмен хас сұлуға айналуды көздейтіндер одан да қорықпайды. Пластикалық хирургтер бет мүшелерін пышақпен кесіп әдіптейді. Ал тіндерді жалғап тұрған жасушаларға жазатайым пышақ тиіп кетсе, азабы ауыр болатыны бесенеден белгілі.
Сұлулық үшін құрбандыққа баратындар дүрдиген ерін мен жасанды кірпік жапсыруға құмар. Кірпік жалғайтын желімнің химиялық құрамы аса зияды, ағзаның ең нәзік мүшесі саналатын көзге тигізер қауіпі тіптен орасан.
Ернін дүрдитіп, дорба ауыз болып жүргендер өздерін тым сұлу санайтындай. Көзге қораш көрінетінін бағамдамайтын сынды. Олардың қасында оймақ ауыздарыңыз «ойнамай» қалады. Ал сол томпақ еріндер кейін келе ісініп, жарылып, асқынып кетуі де мүмкін.
Бетіне ботокс жасатып, жанын кетіргендерге бажайлап қараңызшы. Күлген кезде көзі ғана күлімдеп тұрғанымен беті жансыз. Көзге тым оғаш көрінеді.
Расында бүгінде жеке клиникалардың жарнамасы жер жарады. «Бетті жас сәбидің бетіндей етеміз, бұғақты алып тастаймыз, қарынды сылып тастаймыз» деген мазмұндағы жаңалықтардың дабысы алысқа кетіп тұр. Дегенмен жасанды сұлулыққа құмбыл қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға… жасанды жапсырмадан гөрі «сыры кетсе де, сыны кетпеген» сұлулықтан артық ештеңе жоқ дер едік. Тыңдар құлақ табылса, әрине…
Г.Жұмаш