Су арнасы халық алдында есеп берді. Миллиондық қала атанған Шымкенттің ауқымы кеңеюімен қатар «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің тұтынушылары да артқан. Бүгінде 100 мыңнан астам жеке үйдің 10 пайызы ғана кәріз жүйесімен қамтамасыз етілген.

2019 жылы «Самал», «Қайтпас» шағынаудандарынан 20 мыңға жуық абонент кәріз жүйесімен қамту жоспарланған. Айта кету керек, Шымкент қаласының ауыз су тарифі республика бойынша 10-шы орында. Тұтынушылардың 71 пайызы қарапайым тұрғындар.

Ауыз су және кәріз жүйесі үшін жан басына шаққанда 213 теңге ақы төлейді. Мекеме басшылығы тұрғындарды ауыз суды үнемдеуге шақырды. Қоғамдық тыңдауға келген белсенді қалалықтар көкейіндегі сауалдарға жауап алды.

Мекеменің цифландыру жұмысымен ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов танысты. Төраға халықпен орнатылған кері байланысты байқады.

Айта өтейік, 200 мыңнан астам тұрғын ватсап әлеуметтік желісі арқылы сауалына жауап алады. Сондай-ақ, электронды пошта арқылы да байланыс орнатылғанын көрді. Сонымен қатар, ұңғымаларда цифрлық технологияның шығын өлшегіштері және ультрадыбыстық шығын өлшегіштері орнатылғанына көз жеткізді. Бұл шығынының нақты есебін жүргізуге мүмкіндік береді.

Суды өндіру және тасымалдау процесінің диспетчерлік қызметі де толықтай автоматтандырылған. Интернет браузердің көмегімен мамандар су қысымының көрсеткіштері арқылы қаланың су құбыры жүйесінің негізгі тораптарындағы қысым деңгейін тәулік бойы бақылап отырады. Осының нәтижесінде тұрақты сумен жабдықтау және су құбыры желілерінің апаттылығы анықталып отырады.

Асқар Сәтпаев