Шымкентте экс-тергеуші 4 жылға сотталды

397

Шымкентте полиция тергеушісі пара алғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әл Фараби аудандық сотының үкімімен Қаратау аудандық полиция бөлімінің бұрынғы тергеушісі жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде өтейтін болды. Сондай-ақ, өмір бойына мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан шеттетілді.

Еске салайық, экс-тергеуші қызметтік өкілеттігін пайдаланып, оңды шешім шығарып беру үшін пара талап еткен. Сөйтіп, осы жылдың 28-мамырында Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлерінің шұғыл іздестіру шаралары барысында оның 150 мың теңге пара алғандығы анықталған.

Сот барасында сотталушы өз кінәсін толық мойындамаған. Бұрынғы тәртіп сақшысы сот үкімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылыпты.

Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы сот үкіміне апелляциялық шағым келтіру құқығына ие.

Жанар Есенбекова