Шымкентте мектеп директорларының аттестациясы басталды

845

Шымкентте мектеп басшылары аттестациядан өтіп жатыр. Дәлірегі, білім ұяларының директорлары емтихан тапсырып, білімі мен білігін сынауға көшкен. Педагогика саласындағы айтулы аттестациялаудың алғашқы күнін біз де бақылап қайттық.

Бағдан Жұманов — қаламыздағы Ә. Бөкейханов атындағы №2 жалпы орта мектептің директоры. Еңбек өтілі – 9 жылдан асқан. Аттестациядан өтуге алғашқы болып шақырылған ол, өзі басқарып отырған білім ұясының бүгінгі тыныс-тіршілігін таныстырды. Жетістіктерін де жіпке тізіп, жіліктеп жеткізді. Мектепте жылдар бойы ешбір қылмыс пен құқықбұзушылықтың орын алмағанын тілге тиек етіп, жаңару жүйесіндегі тәрбиенің маңызын да меңзеді.

Бағдан Жұманов

Бағдан Жұманов, Ә. Бөкейханов атындағы  №2 жалпы орта мектептің директоры: «Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Яғни, балаларға тәрбие мен білім беріп, ұстаздарға бағыт-бағдар көрсетіп, өскелең ұрпақтың өз кірпішін қалауына сүбелі үлесімді қосып жүргеніммен мақтанамын! Осы орайда, білім жүйесіне қатысты мен өз ұсынысымды білдіргім келеді. Оқушыларға ең алдымен дұрыс тәрбие беріп, сосын ғана оқу мен білімге баулу қажет деп ойлаймын. Сонда саналы ұрпақ сапалы біліммен өркендейді. Көшбасшылық қабілетті меңгереді. Бұл үшін оқушыларға қатаңдық танытудың қажеті жоқ, тек сабақта көптеген дүниелерге шәкірттің көзімен қарау маңызды. Тең дәрежедегі жұмыла көтерген жүк те жеңіл болады. Қорыта айтқанда, халық қаҺарманы Бауыржан Момышұлының білім мен тәрбиеге қатысты айтқан ой-тоқтамдарын тыңдап, сәтті жүзеге асыра білсеңіздер қылмыс пен құқықбұзушылыққа, суицидке жол берілмейді».   Шымкенттегі мектеп директорларының білімі мен білігін анықтау үшін арнайы комиссия жасақталған. Яғни, сынақ алушылардың қатарынан білім басқармасының мамандары мен басшысынан бөлек, өзге де тәжірибелі мектеп басшылары мен психологтар және жергілікті Мәслихаттың депутаттары табылды. Үш жылда бір өтетін дәстүрлі сынақ бұл жолы жаттанды сұрақ-жауапсыз жүргізіліп, «талайды» тығырыққа  тірегеніне де куә болдық. Сауалдардағы басымдық Елбасының білім саласына қатысты бекіткен жолдау-жоспарына берілді. Ал аттестацияны қолға алған Шымкент қалалық білім басқармасы басшылығының айтуынша, емтиханның тиісті 100 сауалы қатысушы директорларға алдын-ала ай бұрын таратылып, дайындығын пысықтауына мүмкіндік берілген.

Ақерке Абылайхан, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: «Мектеп басшыларына қойылатын басты талап — өзінің білімі мен сауатын дәлелдеп, ұйымдастыру қабілетін, жауапкершілігін көрсету. Сосын, өзі басқарып отырған мектептің жетістіктерін таныстырып, оқушылардың білім деңгейін айна-қатесіз айтып беруі керек. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың білім беру жүйесінде енгізген бағдарламаларының жүзеге асу барысы мен жаңа жобалардың орындалуы — барлығы да ескеріледі. Ал сынақтан сүрінгендері — араға 6 ай салып, қайта аттестациядан өтсе болады. Сол аралықта дайындалуына тағы да мүмкіндік беріліп, жағдай жасалған».  Айта өтейік, ауқымды аттестация әлі 10 күнге ұласады. Осы уақыт аралығында үшінші мегаполистегі 100 бірдей мектептің директоры айтулы сынаққа қатысады деп жоспарланып қойыпты.

Мөлдір Бекеева