Фото abctv.kz

Мың гектар жерге салынатын алып құрылыстың жобалық құжаттары да жасалып жатыр, деп хабарлайды informburo.31.kz. Жылына бір миллион адамға дейін тасымалданады делінген әуежайдан ұшатын адам саны соншалықты жеткілікті бола алады ма?

Түркістанда халықаралық әуежай салынатынын облыс әкімінің өзі журналистерге хабарлаған. Қай жерге салынатыны, қанша аумақты қамтитыны анықталыпты. Тіпті бірқатар келісімдерге де қол жеткізген.Оның қандай жобада болатыны да ұсынылған.

Түркістан қаласының су жаңа әуежайы қаладан 25 шақырым келетін дәл осы Шаға ауылының маңына жайғаспақ. Облыс әкімі ҚазАэроНавигация мен қорғаныс министрілігінің келісімін алынғанын жеткізді. Қосымша 5 гектар жер Кентау тарапынан берілмек. Қазір геология жұмыстары,жобалау-сметалық құжаттамасы мен техникалық тапсырма жасалуда екен. Кешен сағатына 500 адамды қабылдап, жылына 1 миллион адамға жетеді деп отыр.

Шағын қала үшін алып әуежайдың қажеттілігі жайында тұрғындар пікірі де әртүрлі. Дені құрылысты қолдайды.

Билік жобаның өте ірі құрылыс екенін атап өтті. Бірнеше министрлікке келісім алуға хат берген. Әуежайдың жартылай мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салыну мүмкіндігін де айтты.

ЖАНДОС  ТАСОВ, Түркістан қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы: «Жоба құны 50 миллиард теңге шамасында. Жоба өте ауқымды. Және қымбаттылығына байланысты 10 миллиард теңге жергілікті бюджеттен тартылса, қырық миллионы мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында қаржыландыру көзделіп отыр».

Мамандар жобалық-сметалық құжаттары мен басқада дайындық шараларын қосқанда нақты құрылыс келер жылдың ортасынан кейін ғана жүзеге асатынын жеткізді.