Бүгін Қазақстан Республикасы Үкіметінің селекторлық режимдегі отырысы өтті. Премьер — Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен жиында инфрақұрылымды дамытудың 2015 — 2019 жылдарға арналған жобасы, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы және энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру жөніндегі шаралар туралы мәселелер талқыланды.
Жиында сөз алған ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға 792 млрд. теңге қаралғанын мәлімдеді. 1 қарашаға дейін оның 410,8 млрд. теңгесі немесе 51,9 пайызы игерілген. Нәтижесінде көлік инфрақұрылымды, энергетикалық инфрақұрылымды және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық саласын дамыту бағытындағы бірқатар шаруалар атқарылған. Мәселен, жоспар бойынша 3475 шақырымды құрайтын 19 жоба іске асырылып жатса, жыл соңына дейін оның 426 шақырымы пайдалануға беріліп, 453 шақырым жол ашылатын болады.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі көлік инфрақұрылымының жағдайымен таныстырып, атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«2018 жылы өңірдегі облыстық маңызы бар 161 шақырымды құрайтын жолдың құрылыс жұмысына республикалық бюджеттен 3,288 млн. теңге қаралған. Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 2019 жылға деп ұзындығы 300 шақырым болатын облыстық маңызы бар жолды жөндеуге республикалық қазынадан 7,5 млрд. теңге бөлініп отыр. Осы қаржы толығымен игерілсе, келер жылдың соңына қарай аймақтағы облыстық, аудандық маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 74,1 пайызға өсіруге мүмкіндік туады», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, басқосуда энергия тиімділігі және оны үнемдеуді арттыру мәселесі де қаралды. ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, еліміздің стратегиялық даму жоспары және жасыл экономикаға көшу жөніндегі тұжырымдамасы бойынша 2020 жылға қарай жалпы ішкі өнімінің энергия сиымдылығын кем дегенде 25 пайызға, 2050 жылға қарай 2 есеге дейін төмендету көзделген. Бүгінде республикадағы энергияны үнемдеу шараларының жоспары жапониялық тәжірибеге сүйеніп жасалуда. Аталған салаға қатысты ақпаратпен қаныққан Үкімет басшысы облыс басшыларына осы мәселеге баса назар аударуды тапсырды. Әсіресе, инвесторлар мен энергияны көп жұмсайтын кәсіпорындармен жұмысты жандандыру қажет екенін ескертті.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі