Түркі бірлігін насихаттап жүрген ғалымдар мен тілшілер марапатталды

329

Бүгін Түркістан қаласында өткен «Киелі Түркістан және Түркі дүниесінің рухани жаңғыруы» атты ғылыми-теориялық конференцияда бірқатар ғалымдар мен қайраткерлер және БАҚ өкілдері марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркология саласына өз үлесін қосып жүрген 4  ғалым Вильгелм Томсен медалімен марапатталды. Осы саланы дамытуға саясаткер ретінде еңбек сіңіре білген Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа да осы медаль салтанатты түрде тапсырылды. Конференцияда Түркі тілдес халықтардың бірлігін,  білім, ғылым, мәдениет саласындағы жетістіктерін насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне TWESCO-ның  Исмаил Гаспыралы атындағы медиа сыйлығы тапсырылды.

Аталған сыйлық  биыл «Баспасөз»  «Телеарна», «Ақпарат агенттігі және интернет» аталымдары бойынша  6 азаматқа берілді. Сонымен қатар, түркі дүниесіне қатысты жаңалықтар мен елеулі оқиғаларды масс-медиада ұдайы көрсетіп, түркітілдес елдердің ақпарат саласындағы байланыстарын нығайтуға үлес қосып жүрген журналистерге TWESCO-ның Алғыс хаттары табыс етілді.

Айта кетейік, TWESCO биыл ЮНЕСКО штаб-пәтерінде өткізілген форумда бірқатар шешімдер қабылдады. Атап айтсақ, 2018 жылды ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай «Мағжан жылы»,  ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың  90 жылдығына байланысты «Айтматов жылы» және түркі жазуының алғаш оқылуының 125 жылдығына қатысты «Түркі  жазуы жылы» деп жариялаған болатын.

Осыған орай, аталған бағыттарда жүзеге асырылған жобаларға атсалысқан ғалымдар мен қайраткерлер Академия тарапынан қолдауға ие болады.