Тариф төмендетіледі ме, әлде..?

504

Бүгінде коммуналдық тарифтердің тым көтеріліп кеткені халықтың қалтасын тықырлап барады. Қымбатшылық қысып тұрған шақта бұл ауыр соққы. Елбасы қауіпсіздік кеңесінің отырысында «бас бермей» кеткен монополист компанияларды бір сілкіп алғаннан кейін, өңірдегі атқамінерлер де жұмыстарын ширата түсейін дегендей.

Елбасының тапсырмасынан кейін ғана сең қозғала бастады. Биліктің бишігін ұстағандар түрлі қоғамдық тыңдаулар өткізіп жатыр. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының аталмыш салаға жауапты сала басшыларының тұрғындармен өткізген жиналысы түйінді бір тоқтамға келуі керек еді. Алайда…

Еліміз бойынша ең қымбат табиғи газ бағасы күнгейде. Арзандайды дегеннен халық күдер үзген. Жыл сайын қымбаттап «тосынсый» жасап жатқаны анау… Осы уақытқа дейін бұқараның қалтасын таяздап келген монополистер аттың басын тағы да жіберер ме еді. Елбасы дер кезінде тоқтам салмағанда.

Шымкенттегі Әл Фараби аудандық әкімдігінде ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша департаменттері «ҚазТранГаз», «ОңтүстікЖарықТранзит» және «Энергопоток» компанияларымен бірлесіп, қоғамдық қабылдау өткізді. Басты мақсат коммуналды шаруашылық саласындағы мәселелердің түйінін тарқату еді.

Нұрмахан Жолдасов, «Нұр Отан» партиясы ТОФ төрағасының бірінші орынбасары: «2016 жылы коммуналдық тарифтер төмендеуі керек еді. Алайда керісінше көтеріліп бара жатыр. Жанайқайды айтатын уақыт та келген сияқты. Әрнәрсенің шегі болуы керек. Қазақта мақал бар «Бақаны да бассаң бақ дейді» деген. Барлығын қолға алып, ашығын айтып, қай жерде қандай кемістік болса соны жүйелеп, реттейтін уақыт келді».

Ә дегенде тарифтердің тым қымбаттығынан әбден жүйкесі жұқарған жұрт монополист компаниялардың өкілдерін жағасынан алардай сұрақтарды жаудырды. Бәрінің айтары бір. Тариф қашан төмендетіледі?

Алайда қызмет көрсету саласында, тасымалдау құнының ұшып тұрғанын айтқан компания өкілдері әл әзір бағаны арзандата алмайтындықтарын кесіп айтты.
Азамат Ысмағұлов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ТОФ директорының бірінші орынбасары: «Тарифтің қымбаттауы бізде көтерме бағаның өсуіне байланысты болып отыр. Екіншіден тасымалдау құны артып бара жатыр. Бүгінде біз мемлекеттік газ құбырларынан қолданамыз. Шығынды өзіміз көтереміз. Яғни, осы тарифтің есебінен. Сондықтан да тарифті төмендете алмаймыз».

Кәнігі экономистерден тұтынушылар да қалыспайды. Олар да өз тарапынан тарифті төмендетудің түрлі жолдарын ұсынды.

Бегімқұл Төлентаев, «Тұтынушылар құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Өзбекстанда газ бағасы 10 теңге. Өйткені үкімет жер байлығын халықпен бөлісіп отыр. Олар Қазақстан сияқты 35 теңгеден сатса да болады ғой. Олай емес… Бізде екі есе қымбат. Әкімшілікке да айтқанмын. Екінші жолы бар, көтерме, жеткізу бар. Соны бізге берсін жергілікті басқаруға. Сол жақтан көтерме бағамен сатып алып жергілікті басқаруға берсе сонда арзанға түсер еді».

Бұл жиынның бұрынғыларынан өзгешелігі болмады. Жиын өтті ма, өтті деген көзбояушылық па, әлде… Жұрттан да сенім кетті.

Гүлжан Көшерова