Туған анасы мен нағашы атасын өлтірген 24 жастағы жігіт 15 жылға сотталды. Шымкентте биылғы жылдың сәуір айында жұрттың жағасын ұстатқан бұл сұмдық жағдай 112 орамдағы Қ. Жұманов көшесінде орын алған еді.
Құмар ойынының құрығына іліккен жас жігіт туғандарынан ақша ұрлап, қарызданып, ақыр соңында жанашырлық танытқан жақындарының сөзін көтере алмай жер жастандырған.
Ең жақындарын өз қолымен пышақтап өлтірді деп айыпталған 24 жастағы жігіттің сұмдық жағдайға баруына басты себеп құмар ойындар. Қарызға белшесінен батқан жиеніне нағашы атасы ақша берген. Алайда немересі оны да құмар ойындарына жұмсап жіберген көрінеді. Анасынан да 300 мыңнан аса қомақты теңге жымқырып, ұрлыққа дейін барған екен.
Немересін жөнге келтірмек болған атасының сөзі мен шапалағын көтере алмаған жігіт асхана пышағымен 26 жерінен пышақтап тастаған. Арашаламақ болған анасын да аяусыз 16 жеріне пышақ сұққан.
Әбинұр Қарабаев, судья: «Сотталушы сотқа дейінгі тергеп, тексеру кезінде өз кінәсін толық мойындаған. Қылмысты қалай жасағанын, қай кезде, атасы мен анасын қалай пышақтағанын, пышақты қайда қойғанын, қылмыстан кейін қайда барып, не істегенін көрсетеді. Қарақшылық шабуылды имитация жасаған. Өз өзіне қол жұмсамақ та болған».
Алайда 24 жастағы Рахат сот процесі кезінде кінәсін мойындаудан бас тартқан. Сотта берілген жауаптар мен куәлердің сөздері сәйкес болмаған.
Сөйтіп анасы мен атасын өлтіргені үшін Рахат Талғатұлы 15 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазаны қауіпсіздігі жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болады. Алайда сотталушының туыстары бұл үкіммен келіспейді. Тіпті жігіттің туғандарын пышақтағанына да сенбейтіндіктерін жасырмады.
Судья: «Апелляциялық шағым беруге құқылы. Жеңіл жаза тағайындалды…», деп отыр.
Жанар Есенбекова