Такси жүргізушісінің смартфонын ұрлап, мобильді банкингтегі ақшасын құмар ойынға тіккен

32
фото Азаттық рухы

Ұрлық туралы хабарлама Тұран ауданының полициясына түсті. Белгілі болғандай, ер адам таксиді таңғы 5-те шақырған. Ескі танысы болып шыққан жүргізушімен ол жол бойы бұрынғы кездерді  еске алып, әңгіме-дүкен құрып келеді.

Жолаушыны белгіленген жеріне апарып тастаған таксист, біраз уақыт өте ұялы телефонының жоқтығын байқап, полицияға шағымданған.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдіктіні қала аумағында ұстады. Ол смартфондағы онлайн-банкингтен бар ақшаны алып, құмар ойынға жұмсағаны анықталды.
Өзгенің 217 мың теңге қаражатын ұтылған азамат ары қарай дүкенге барып, сол банк қосымшасы арқылы бөліп-төлеуге тауар сатып алған. Кейін, құны 300 000 теңге тұратын гаджетті кездейсоқ сатып алушыға 20 мыңға сатып жіберген.
Полицейлер тергеп-тексеру барысында жайтқа қатысты барлық дәлелдемелерді жинап, қылмыстық істі сотқа жолдады. Айыпталушы ҚК-тің 188-б. 2-б. көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған қатысты бір жарым жылға бас бостандығын шектеу түріндегі жаза қолданылды.