«Shymkent Development 2018» инвестициялық форумында Ғабидолла Әбдірахымов қонақтарға қаланың экономикалық мүмкіндіктері, дамуы туралы толыққанды ақпарат берді.
«Шымкент инвестициялық орталыққа айналып келеді. 117 мың гектар аумақты алып жатқан алып қалада бүгінде 1 100 000-нан астам тұрғын бар. 100 радиуста екі ірі қала болса, соның бірі Шымкент, енді бірі Ташкент. Бүгінде Республика даңғылы арқылы Ташкент бағытына шығатын бір ғана трасса болса, жуық арада Д.Қонаев даңғылы арқылы Бадам өзенінің үстімен өтетін тағы бір бағыт ашылатын болады. Ол Ташкент даңғылы деп аталмақ.
2020 жылы 300 шаршы метр аумақты алатын жаңа халықаралық талаптарға сай әуежай салынатын болады. 2019 жылы темір жол вокзалына жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Екі құрылыс та шығыс стилінде салынады.
Бүгінде қалада 1 120 қоғамдық көлігі бар, 28 автобус паркі жұмыс істейді. Алдағы уақытта автобус парктері көбейіп, қоғамдық көліктер жаңаратын болады. 4 және 6 жолақты жолдар салынбақ. 2,5 мың адам сыятын Конгресс холлдың жобасы дайын.
Ал 2020 жылы «Қырғы базар» аумағы толықтай жаңғыртудан өтпек. Орта Азиядағы теңдесі жоқ алып базар болады. Ескі қалашықтағы қамал шымкенттіктер үшін Римнің Колизейі сияқты! Еліміз үшін де тарихи, архитектуралық маңызы зор аумақты біз көзіміздің қарашығындай сақтаймыз. Сондай-ақ, шетелдік саяхатшыларды қызықтыра алатындай етіп туристік келбетін жақсартуға күш саламыз.
Сеул қаласында болғанымда Чхонгечхон өзенінің жағалауын керемет етіп жасағанын көріп таң қалдым. Қошқар ата өзенінің бойын отбасылық демалыс саябағына айналдыру үшін жұмыстар атқарылуда.
Шымкент қаласының республикалық статус алуы қаламыз үшін көптеген мүмкіндіктер ашып отыр. Шымқаланың инвестициялық рейтингі көтеріліп келеді. Осы үшін Елбасымызға алғыс айтамын. Сондай-ақ, Шымкенттің болашағына үміт артып, алып құрылыстарды тарту еткен кәсіпкерлерге де алғысым шексіз. Серікжан Сейітжанов «Риксос Хадиша» қонақ үйін, Қайрат Балабиев фитнес орталығын салды. Одан басқа да қаламызда көптеген құрылыстарды салған кәсіпкерлерге ризамын. Олардың барлығын айтып шығу мүмкін емес. Сонымен қатар, қаламызды көркейтуге атсалысқа еңбекқор шымкенттіктерге де үлкен алғысымды айтамын.
Мен және менің командам қаланың дамуы, көркеюі, өркендеуі үшін бар күш жігерімізді салатын боламыз. Бәріміз де адал қызмет атқаратынымызға уәде беремін» деді.
Г. Жұмаш