inform.kz

Қазақстанмен салыстырғанда көрші мемлекеттерде бензин мен дизельдің отыны қымбат. Соның салдарынан шекаралас аймақтарда алыпсатарлар отандық мұнай өнімдерін көптеп тасымалдап жүр, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы 154,8 теңгені құрайды. Ал, Ресейде аталған өнім — 230,5 теңге, Өзбекстанда — 273 теңге, Қырғызстанда 234 теңгені тұрады. Сол сияқты бізде дизельді отынның бір литрі орта есеппен 193,2 теңгені құраса, Өзбекстанда 208 теңге, Ресейде — 246,5 теңге, Қырғызстанда — 250,8 теңгеге дейін барады.

«Қазақстанда жанармай бағасын көтермеу үшін, сондай-ақ дизель отыны тапшылығы қаупін азайту мақсатында Министрлікпен Еуразиялық экономикалық Одағының нормаларына қайшы келмейтін қолданыстағы заңнама негізінде Қазақстан Республикасының шекарасынан тыс жерлерге мұнай өнімдерін шығаруға уақытша тыйым салу үшін шаралар әзірленуде», — деді Қ.Бозымбаев.

Министрдің сөзіне қарағанда, қазіргі кезде отандық нарықта мұнай өнімдері бойынша жағдай тұрақты. Жанар-жағармайдың тапшылығы жоқ. «10 желтоқсандағы жағдай бойынша АИ-92 маркалы бензиннің орташа бағасы литрі үшін 154,8 теңге, ал дизель отыны литрі үшін 193,2 теңгені құрайды. Сонымен қатар, еліміздегі мұнай базаларында жанар-жағармайдың қоры ішкі нарықтың қажеттілігіне жеткілікті. Аи-92 бензині бойынша — 267,5 мың тонна (30 күнге) және дизель отыны — 143,2 мың тонна (11 күнге)», — деп атап көрсетті Қ.Бозымбаев.