Жанар-жағармай экспортына 4 айға тыйым салынды

61

Ағымдағы жылы Қазақстанда 13 млн 400 мың тонна мұнай өңделеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың тоннаға кем. Энергетика министрі жанар-жағармай тапшылығының алдын алу, бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында ірі тұтынушыларда мұнай өнімдерінің резервтерін құру және көктемгі дала жұмыстарына қажетті дизель отынын ақпаннан бастап үлестіруді тапсырды.

Ақпан айынан бастап мамыр айының соңына дейін бензин мен жағармайды көлікпен экспорттауға тыйым салынды. Энергетика министрлігі бұл шара ішкі нарықта бензин және дизель тапшылығына жол бермеуге көмегі тиеді деген үмітте. Елде мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін айтулы министрлік тарапынан бірінші тоқсанда «ҚазМұнайГаз» базасында 150 мың тонна көлемінде және «Қазақстан темір жолы» базасында 50 мың тонна көлемінде резервтер құру жоспарлануда.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі: «Мұнай өңдеу зауыттарында жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдерінің далалық жұмыстармен сәйкес келуі салдарынан туындайтын кедергілерді азайту мақсатында мынадай шаралар қабылданатын болады: ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мұқтаждықтары үшін дизель отынын жөнелту биыл ақпаннан бастап, яғни бұрынғы мерзімдерден бір ай бұрын жүзеге асырылатын болады».

«Жанар-жағарма» ассоциациясының мәліметі бойынша Шымкент қаласына ақпан айында 32-34 мың тонна өнім қарастырылған. Алайда көктемгі дала жұмыстары басталғанда және транзит ағыны көбейгенде сұраныс артуы әбден мүмкін. Сондықтан жанар-жағармай тапшылығының алдын алу үшін ЖЖБ және де мұнайды босататын жерлерде қадағалауды күшейту қажет деп есептейді ассоциация төрағасы.

Қайыпбек Қамбаров, «Жанар-Жағармай ассоциациясы» ЖК және ЗТБ төрағасы: «Біздің ассоциация экономикалық тергеу департаментімен бірге тығыз қарым қатынаста жұмыс істейді. Мұнай өнімдерінің тапшылығын болдырмау үшін жергілікті билік  сала  мамандары, қоғамдық белсенділер, ассоциациядан және экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдерінен комиссия құрып, бензин, жағармайды босатуды қадағалауға алса, нәтиже болады деп есептеймін».

Жанар-жағармай материалдары тапшылығы мен бағасының өсуіне жол бермеу бағытында Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті де жұмыс атқаруда.

Айта кетейік, ҚР энергетика министрлігі мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстарын үйлестіру және диқандарға дизель отынын мерзімінде жөнелтуді көздеп отыр.