Қыздарға арналған жатақханадағы бөлме

Өзінің жер телімінде қыздарға арналған жатақхана салған қала тұрғыны құжаттарын рәсімдей алмай әлек. Салдарынан 250 орынға шақталған ғимаратты пайдалану үшін жоғару оқу орындарымен келісімшарт жасасу мүмкін болмай тұр. Жатақханадан орын таппай, шәкіртақысына пәтер жалдаған студентке қолайлы ғимаратты құжаттарын рәсімдеуге не кедергі?

Қыздарға арналған  жатақхананы салған азамат – Эльдар Багиров. Ол жеке жер учаскесінде бой көтерген ғимаратты жатақхана ретінде тіркей алмай жүр.

Эльдар Багиров жатақханасының құжаттарын рәсімдей алмай әлек

Құрылыс бөлімінен қорытынды алу үшін талай табалдырықты тоздырыпты. Құжаттарды рәсімдеу әлегімен сәулет және қала құрылысы басқармасы, жер қатынастары және жердің пайдалануы мен қорғалуын бақылайтын басқарманың басшыларына дейін барған. Алайда шенеуніктер мардымды жауап беруге қауқарсыздық танытты дейді.

Эльдар Багиров, Шымкент қаласының тұрғыны: «Жатақханаға 260 млн. теңге қаражатым кетті. 6-7 жыл салдым. «Форте банктен» несие де алдым. Енді ЖОО басшыларымен келісімшартқа тұрайын десем, «құжаттар жекеменшік үйге берілген жатақхана деп ауыстыру қажет, талап сондай» дейді. Тиісті мекемелерге барсам, созып шешім шығармай әбден әлекке салды.  Қалалық сәулет және қала құрылысы  бөліміндегілер  қаланың жоспары бойынша келешекте ол жерде көпқабатты тұрғын үйлер бой көтереді, сондықтан да  жекеменшік  жер учаскенің өзге мақсатта пайдалануына рұқсат бере алмаймыз деп жауап берді».

Қыздарға арналған жатақханадағы бөлме

Жатақхана тек нәзік жандыларға арналған. Мұны балалар үйінде тұрған кезінен бастап армандапты. Енді мақсатына қол жеткізгенде толық пайдалануын қамти алмағанына қатты ашынады. Күйзеліске түсіп, соңғы үмітімен нұротандықтарға жүгінуді дұрыс көріпті.

Эльдар Багиров, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Бахадыр Нарымбетов жақсы қабылдады. Мұқият тыңдап қолынан келген көмекті көрсетемін деді. Жатаханалар жетіспей жатқанда созбалаңға салғаны несі? Сөйтіп ол кісінің кеңесімен қоғамдық қабылдаудан кейін қала әкімі орынбасарының қабылдауында болдым. «Құжаттардың барлығын тексеріп анықтаймыз. Жауабын береміз» деп қуантты. Рахмет. Үмітімді үзбеймін».

Шымкенттік азамат салған жатақхананың алғашқы тұрғыны  – Нұрдана  Насипова. Қызылордалық студент құрбыларынан жатақхана жайлы есітіп, бөлме алыпты. Төлем ақысы да қалтаға қонымды, қыс айларында 15 мың теңге төлейді. Қалған мезгілде 12 мың теңге.

Нұрдана Насипова, студент: «Қызылордалықпын. «Мирас» университетінде оқимын.  Қазір барлық төлемдерді жасап, бүгінгі күннен бастап осында жататын боламын. Оқу орныма да жақын, жаяу барамын. Бұрын жолыма ақша кететін, енді үнемдеймін. Ата-анам да естіп куанып жатыр. Өйткені, жатақхана тек қыздарға арналған. Мұнда күзет қызметі, барлық жерде бейнебақылау бар».

Мұнда сондай-ақ, шалғайдағы ауданнан келген студенттер де қоныстанған. Айтуларынша, жалдамалы пәтерден бағасы арзан. Әрі барлық жағдай жасалған деп отыр.

Аружан Қыстаубаева, студент: «Жетісай қаласынанбыз. «Мирас» университетінде оқимын. Жатақхана жайлы құрбыларымнан естідім де анама айтып едім. Келісіп, рұқсатын берді. Ауылдан келіп, жағдайымызды көріп тұрады. Бөлмеде жуынатын орын да бар, төсеніштерді аптасына ауыстырып тұрады. Осында жуып береді. Асхана да бар. Онда өзіміз ас дайындаймыз. Сатып алған азық – түлікті сақтауға  мұздатқыш та бар».

Эльдар Багиров жатақхананы заң шеңберінде рәсімдеуге дайын. Жылына 350 мың теңге салық төленетін ғимаратты салуға кеткен шығынды өтеуі керек екен. «Жергілікті билік оң шешім шығарса, келер жастар жылы – студент қыздарға кермет тарту болар еді» дейді ол.

Шынар Оразова