Алматыда қазақша күрестен өткен «Әлем барысы» әлем чемпионатында өткен жылғы чемпион шығыс қазақстандық Айбек Нұғымаров жеңді, — деп хабарлайды Vesti.kz.
Финалда Нұғымаров Түркістан облысынан қатысқан Ерсұлтан Мұзаппаровтан басым түсті. Екі спортшының салмағында жер мен көктей айырмашылық болды. Нұғымаров турнирге бір күн қалғанда 140 келіні көрсеткен, ал қарсыласы — 90 келі.
Осылайша, Нұғымаров «Әлем барысы» чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Турнирдің алтын белдігінен бөлек ол 10 миллион теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Мұзаппаровқа алты миллион теңге бұйырды.
Қола медаль иесі — ресейлік Роман Бобиков. Ол күреспей-ақ үш миллион теңге көлемінде гонорар алды, себебі грузин Гурам Тушишвили жарысқа қатысудан бас тартқан.Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында өткен турнирге әлемнің 29 елінен 33 спортшы қатысты. Бұл спорттық шараны көруге үш мыңнан аса көрермен жиналды.