Чемпионға құрмет көрсетті

532

Жылдың соңғы айын шардаралық спортшылар үлкен жетістікпен қорытындылап жатыр деп айтсақ жарасады. Корея елінде өткен гир көтеру спортынан Азия чемпионатында шардаралық екі бірдей спортшы, атап айтқанда Медет Әуесбек пен Асылбек Амандық алтыннан алқа тағынып, чемпион атанса, Минск қаласында өткен таэквон-до спортынан әлем кубогында Рамазан Қуандық есімді жерлесіміз қола жүлдегер атанды.

Ал, Алматы қаласында өткен «Әлем барысында» даңқты палуан Ерсұлтан Мұзаппаров ақтық сынға дейін сүрінбей жетіп, қоржынға күміс салды.

Бүгін, жұма күні Ерсұлтан Мұзаппаров пен оның бапкері Мұсырманқұл Дәуреновті аудан әкімі Болатбек Қыстауов арнайы қабылдап, жеңісіне құтты болсын айтты. Бапкері екеуіне «Алғыс хат» пен ақшалай тарту жасады.

–Ерсұлтанның жеңісін телеарнадан көріп, бойымызды айрықша қуаныш кернеді. Сонша мемлекеттің арасында финалға жолдама алу бірінші кезекте тәжірибеге, шеберлікке байланысты болса, содан кейінгі кезекте өр намыстың арқасы болса керек. Бүгінгі таңға дейін Ерсұлтан бауырымыз қанша белестерді бағындырып, қазақша күрестен әлем чемпионы, екі дүркін «Евразия барысы» атанды. Бұл жерде бапкері Мұсырманқұл Дәуреновтің де үлкен еңбегін атап өткеніміз жөн. Ерсұлтанға енді олимпиада биігін бағындыру ғана қалды. Құдайқаласа, ол қуанышты сәтті де бірге атап өтеміз деп сенемін, – деді Болатбек Дүйсенбекұлы.

Сондай-ақ, аудан басшысы шардаралық жаттықтырушылардың жанкешті еңбектерінің арқасында спорттың басқа түрлерінен де аудан спортшылары үлкен жетістіктерге жетіп отырғанын айтып өтті. Мәселен, арқада қалған 11 айдың ішінде шардаралық спортшылардың ішінен 276 облыс чемпионы, 52 Қазақстан Республикасының чемпионы, 29 Азия чемпионы, 8 Халықаралық турнир жеңімпазы, 11 Әлем чемпионы шығып отыр. Шалғайдағы аудан үшін бұл зор табыс болып саналады.

Әкімнің қабылдауынан кейін Ерсұлтан Мұзаппаров пен Мұсырманқұл Дәуренов облыстық №4 ОРМБЖСМ ғимаратында жасөспірімдермен кездесу өткізді. Кездесуге қатысқан балғын спортшыларға Ерсұлтан палуан өзінің жеңісті жолдарынан әңгімелеп, оларды салауатты өмір салтымен шұғылдануға шақырды. Өз кезегінде облыстық №4 ОРМБЖСМ директоры Арман Қарсыбаев даңқты спортшыларға рахмет айта отырып, оларға сый-сияпаттар жасады.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі