Қала орталығында қой сататындар қомақты айыппұл төлейді

601

Қала орталығында қой сатуға тыйым салынған. Алайда, ескертуді елемейтіндер, үйлеріндегі қораларды босатар емес. Бүгін М.Х. Дулати және Мәделі қожа көшелеріндегі қоралары қойға толы үш кәсіпкерге шар көрілді. Қала орталығын мал сою бекетіне айналдырғандар төлейтін айыппұл да белгілі болды.

Қала орталығында мал сою бекеттері өз жұмысын тоқтатпай отырғанын хабарлаған қала тұрғындарының арызы бойынша ветеринарлар кезекті рейдке шықты. Мамандар бірнеше жылдан бері ескертуді елемей келгендерге 100 айлық есептік көрсеткіште, яғни 245 мың теңге айыппұл салды.

Манарбек Ержігітов, қалалық ветеринария бөлімінің басшысы: «Бізге түскен шағым бойынша келеңсіздіктер расталды. Біз өзіміз айыппұл сала алмаймыз, ол құзірет қала әкімінің орынбасырында. Алғашында 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыпұл салынған».

Сала мамандарының айтуынша, бұл кәсіпкерлерге бірнеше рет ескерту жасалған. Алғашқы әкімшілік шарадан соң келеңсіздікті жою үшін уақыт та берілген. Бірақ қорадағы қойларын союды тоқтатпағандары әлі көп.

Сайдқожа Мәдиев, кәсіпкер: «Енді тоқтатайын деп жатырмыз, мына қорадағы мал таусылса басқасын алмаймыз».

Естеріңізге салар болсақ, осыдан екі жыл бұрын қала әкімі шаһар орталығындағы мал сою орындарын жабуға тапсырма берген болатын. Кәсіпкерлерге «Бозарық» елді мекенінен бір гектар жер бөліп, заман талабына сай мал сою орнын ашқан еді.

Бүгінде сол бекет тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуде. Кәсіпкерлердің айтуынша, мұнда сойылған еттің бағасы базар бағасынан әлдеқайда арзан және халал.

Екі рет әкімшілік айыппұл төлегендердің ісі сотқа тапсырылды. Шешім шығарса, күштеп кәсібін тоқтатуға бел байлап отыр.

Нұрлан Күдерұлы