Қоларбаға қарсы майдан…

977

Оны алғаш рет қалалық жұмыспен қамту орталығында көрдім. Келушілерге қызмет көрсетіп отыр. Жайдары. Сауалыңа бар ынтасымен жауап береді. Өзгелерден өзгешелеп тұрғаны арбада отырғаны ғана. Ал жұмысына деген қызығушылығы тіптен орасан. Өмірге қызығушылығы, өзін қоршаған ортаға деген ықылас пейілі тіптен арнасынан асқандай.

Он екі мүшесі сау адамдар өмірге өкпелеп, жұмыстың жоқтығын айтып Асан Қайғының зарын қағып жүргенде ол осы күніне сан шүкіршілік айтып адамдарға қызмет етуден жалыққан емес. Айналасына мейірім шуағын төгіп, өмірдің соншалықты ғажап екендігін айтып жар салғысы келеді. Түйсінер кеуде, сезінер жүрек болса…

Кейіпкеріміз Айсұлтан Шыналиев мүмкіндігі шектеулі жан. Соған қарамастан қатардан қалмай, қоғамдық қызмет атқарып жүр. Қаламыздағы №12 мектеп-интернатта білім алған ол 15 жасында Ақтөбе қаласында техник- технолог, электрик мамандығы бойынша білім алып, жұмыс істеген. Қатарластары сынды албырт шақта алып ұшып, арман қанатында жүріпті. Алға қойған мақсаттары көп-тін. Оқыс оқиға ойламаған жерден орын алды.

2013 жылы Ақтөбеден келе жатып ұйықтап кетіп, жол апатына ұшырады. Ол бір еске алғысы келмейтін ауыр кезеңдер. Бірінен кейін бірі бірнеше ота жасалды. Содан бір жарым жыл жатты. Бірақ үміті үзілген жоқ. Қайта қатая түсті. «Арманым адыра қалды» деп айта алмайды бірақ. Арбаға таңылса да арман жолынан тайқыған жоқ.

Маңдайына мүгедектік жазылса да мойыған жоқ. Түңілген жоқ. Тағдыр сыны сындыра алған жоқ. Қайта жігерін жанығандай. Өзге мұңдастары сынды терең депрессияға түсіп кетпеді Соған қуанады. «Өз өзімді тастап жіберу деген менде болған жоқ. Өзім психолог болып кеттім ғой» дейді Айсұлтан.

2016 жылдан бері қоғамдық жұмыстар атқарады. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына Әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы жұмысқа тұрыпты. Өз өзіне қызмет көрсету бөлімінде кеңес береді. Бос орындар ұсынады. Инватакси жеткізіп салып, жұмыс уақыты аяқталысымен алып кетеді. Оған да шүкіршілігін айтады. Әйтпесе таксимен келіп кету оңай емес, әрине.

«Жұмысым аса қиын емес. Соншалықты ауыр дей алмаймын. Өзіме қызықты. Үйде жатсаң қоғамнан шет қалып кеткендей күй кешемін. Телефон шұқығаннан басқа ермек жоқ. Мұнда адамдармен араласасың. Көзің ашылады. Тұңғиық ойдың түбінен тартып шығаратындай… Көп нәрсе үйрендім. Жәрдемақым, жалақым бар. Жетеді өзіме. Біреуден артық, біреуден кем емеспін. Шүкір, жаман емес» дейді өзі.

Тағдырына бір сәт болса да налуды білмейтін Айсұлтан шүкір деуді ұмытқан емес. Сондықтан да болар ісі ілгері басып, алға қойған жоспарлары біртіндеп орындалып келеді.

«Арманым жеке кәсібімді ашу. Қай сала екенін әлі нақты шешкен жоқпын. Өз мамандығым бойынша ашатын шығармын» дейді өзі.

Қаладағы «Шектелме» атты қоғамдық ұйымға мүше. Мақсат Сәрсембаев сынды жігерлі жастармен бірге бірнеше жобаларды жүзеге асырмақ ойлары бар. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған тренажер залын ашуды жоспарлап отыр. Жаңа жылға дейін ашсақ деген ойларына кедергілер де жоқ емес. Әзірге ыңғайлы зал табылмай жатыр.
Қоғамдағы өзекті мәселелер қабырғасына бататынын да жасырмайды. Онсыз да тағдырынан теперіш көрген жандардың үстінен жонып жеуді кәсіп қылғандарға наразы. Оларға қарсы майдан ашқан. Жеңіске де жетті.

Мемлекет мүгедектерге барынша қолайлы жағдай жасауда. Алайда арадағы құлқыны құдық кейбіреулер соны ортадан бөліп алып, жемсауын толтыруды көздейді. Ондайлардың жолын кесуді тоқтатпақ та емес.

Былтыр мүгедектерге арналған қоларбалар алу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңімпаз атанған фирмамен соттасыпты. Негізінде бір қоларбаға бюджеттен 150 мың теңге бөлінеді екен. Ал әлгі фирма жарымжан жандардың үсінен жонып жеуді көксеп, 30-40 мың теңгенің қоларбасын әкеп берген. Нәтижесі белгілі ғой. Арзанның сорпасы суға татымас. Сапасы бағасына тәуелді қоларба бір-екі ай өтпей жатып-ақ сынып қалған. Жарамдылық мерзімі 5 жыл. Бірақ бір жылға әзер шыдас береді екен. Басқа басқа емес жарымжан жандардың несібесіне қол салғандардың көкесін танытқан осылайша.

Өкіметке өкпесі жоқ. «Гигиеналық заттар, ортопедиялық аяқ киім, корсет береді. Тегін. Санаториге, оңалту орталықтарына барып, ем алып тұрамыз» дейді.
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен «Жас прожектор» байқауына да қатысыпты. Алдағы уақытта мұндай байқаулардың барлығына да қатыспақ ниетте. Арманы көп. Үміті зор… Алға, Айсұлтан…

Г.Жұмаш