Шымкентте 1996 жылы туған ер адам өгей ұлын өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Шымкентте бесінші желтоқсанда 5 жасар ұл бала алған дене жарақаттарынан облыстық клиникалық ауруханада көз жұмған.
Балақайдың өліміне өгей әкесі күдікті ретінде танылған. Алғашында дәрігерлерге туыстары «екі қабатты кереуеттен құлады» деген. Алайда, алғашқы тағайындалған сараптама нәтижесінде баланың соққы салдарынан көк бауыры езіліп кеткені анықталған.
«Қазіргі таңда аталған жәйт бойынша ҚР ҚК-нің «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, кінәлі адамға дәрменсіз күйде екені көрінеу белгілі адамға қатысты, сол сияқты адамды ұрлаумен не кепілге алумен ұштасқан» 106-баптың 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
Полиция қызметкерлері баланы өлтіруге қатысы бар күдікті ретінде өгей әкені ұстап, уақытша ұстау абақтысына жеткізді»-деп хабарлайды Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.