Елімізде 16 жасқа толған қыздар ата-анасының рұқсатынсыз жасанды түсік жасатуына рұқсат беріле ме? Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе посткеңестік кеңістіктегі кейбір елдерде және Еуропада бар. Министр осылайша «тастанды» балақайлардың санын азайтуға болатынына сенімді. Министрдің сөзі қоғамның қызу талқысына түсіп жатыр. Жалпы кәмілет жасқа толмаған қыздардың ерте баста жыныстық қатынасқа түсуіне не себеп? Жоспарсыз жүкті болған қыздар үшін жасанды түсік жасату мәселеден шығуға көмектесе ме? Әлде жағдайды одан әрмен ушықтыра түсе ме?
“АТА-АНА БАЛАСЫМЕН СӨЙЛЕСПЕЙДІ”
БҰҰ-ның халық тұрмысы саласына қатысты арнайы қорының (UNFPA) мәліметінше, әлемдегі дамушы елдерде 1 күнде кәмелетке толмаған 20 мың жасөспірім ана атануда. Бұл бір жылда некесіз 7,3 миллион нәресте туылады деген сөз. Олардың 2 миллионы – 15 жасқа толмаған қыздардың үлесінде. Бұл дүниежүзі бойынша көрсеткіш.
Елдегі жағдайға көз жүгірттейік. Құзырлылар соңғы үш жылда жасөспірімдер арасында жүктілік пен жасанды түсік жасататындардың саны азайғанын тілге тиек еткенімен, ресми мәлімет мүлдем басқаны байқатады.
Қазақстанда жыл сайын 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдердің 20 мыңы некесіз жүкті болады. Олардың тең жартысы, яғни, 10 мыңға жуығы жасанды түсік жасатады.
Біздің өңірдегі жағдай да көңіл көншітпейді. Биылдың алғашқы бес айында Түркістан облысында кәмелет жасына толмаған бес жүздей қыздың жүкті болып қалғанын және де жыл сайын сол шамада қыздардың жүктілігі бойынша тіркеуге алынатындығын облыстық ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы Әбдіғани Сейдуалиев мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, күнгейде кәмелет жасқа толмағандардың арасында жыныстық қатынас жыл өткен сайын белең алып барады. Түркістан облысы бұл жөнінен Алматы мен Жамбыл облысын басып озып, көш бастапты.
— Қоғам дертіне айналып келе жатқан бұл мәселенің бастауын тек жасөспірімдердің өзінен іздеу де дұрыс емес, әрине. Бұл үшін ата-ана да, ұстаз да, мектеп психологы, учаскелік дәрігер-гинеколог та, тіпті мына біз қоғам да жауаптымыз. Егер осы тараптар жұдырықша жұмылып, бірігіп жұмыс істесе, құрсағындағы нәрестеден құтылуды діттеген қыздар мен жоспарсыз жүктіліктен туылған тастанды балақайлардың саны біршама аз болар еді,- дейді облыстық әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреева.
Оның айтуынша, ата-ана балаларымен сөйлеспейді. Қыз бен ұлдың бір-бірінен айырмашылығы, артықшылығы жайлы айтпайды. Керісінше, сезім, махаббат, жыныстық қатынас, оның салдары (жүктілік, түрлі аурулар), одан сақтанудың жолдарын айтуды ұят санайды. «Нәтижесінде, бармақ тістеп, баланы кінәлаймыз. Әлі өмірлік тәжірибесі жоқ қыз баласы өміріндегі үлкен күнә жасауға мәжбүр болады. Осылайша бір емес, екі адамның өміріне балта шабады», -дейді көпті көрген ана.
СӘБИДІҢ КІНӘСІ ЖОҚ
Кейіпкеріміз Әйгерім Шәмшиддинова (аты өзгертілген-ред.) сезімнің жетегіне ерік беріп, 17 жасында жүкті болып қалады. Тұрмысқа шықпаған жас қыз өзінің жүктілігі жайлы білгенінде қорқып кетеді. Алайда «жаңа статусы» жайлы жігітіне айтқанда оның баладан бас тартпайтынын естіп, көңілі жайланады. Сөйтіп, ол бұл сәбиді дүниеге әкелуге бел буады. Дегенмен өмір Әйгерімнің төзімі мен өз сертіне деген адалдығын сынайды.
— Баламның әкесі топ болып төбелесіп, сотталып кете барады. Ол кезде жүктіліктің 2-айында едім. Қатты күйзелдім. Өміріме налыдым. Бірақ, қандай қиындық болмасын оны жеңіп шығуым керек, сәбидің кінәсі жоқ деп шештім. Себебі, темір торға тоғытылған сүйіктіме солай деп ант бердім. Ең қиыны, жұрттың сөзі де, өсегі де емес екен. Ең қиыны керек кезде ет жақының ата-аныңның сенен теріс айналғаны. Басыма қиындық түскенде соған көзім жетті. Олар мені түсік жасауға итермеледі. Өйтпеген жағдайда «үйден кетесің» деп алдыма таңдау қойды. Бірақ мен құрсағымдағы баладан бас тартпадым. Өзгенің табалдырығында жүріп еден жусам да, көшеде алақан жайып қайыр сұрасам да перзентімнен бас тартпадым. Және сол үшін өкінбеймін де,-дейді ол.
Қазір Әйгерімнің үш баласы бар. Сүйіктісі де түрмеден шығып, екеуі бірге. Отбасылық кәсіп бастаған. Жағдайлары да жаман емес. Екі қабатты зәулім үйі, 3 бөлмелі пәтері, көлігі бар. Әр жазда балаларын алып шетелге саяхаттауға шығады. Ал тұла бойы тұңғышы түрлі жарыстарға, олимпиадаларға қатысып, ата-анасын қуантып жүр. Соңынан ерген бауырларына да қамқоршы.
Әйгерім ата-анасымен де жақсы қарым-қатынаста екенін айтады. Сөзінше, қыздарының өз дегенінен қайтпайтынын түсінген олар сабырлық танытып, тағдарға қарсы шықпауды ұйғарады.
Ал келесі кейіпкерімізді тағдыр маңдайынан сипай қойған жоқ. Оның оқиғасы Әйгерімдікіне ұқсағанымен, соңы мүлдем басқаша.
— Ол кезде 11-сыныпта оқып жүргенмін. Неге екені белгісіз, өзімнен 2 жас кіші жігітті ұнаттым. Оның көңілін аулап, әйтеуір өзіме қараттым. Қыдырдық, көңіл көтердік. Бірақ қуанышым көпке созылмады. 6 айдан соң жүкті екенімді білдім. Ата-анамнан қатты қорқтым. Білсе «мені өлтіреді» деп ойладым. Бірақ, нағыз өлген сәтім – жігітсымағымның ақша ұсынып “аборт жаса” деген кезі еді. Ол тіпті, менімен сөйлескен де жоқ. Ақшасын қолыма ұстатты да ғайып болды. Мен сол тұрған жерімде есімді жия алмай ағыл-тегіл жылап қала бердім,- деп есіне алды өткенін Алма.
Содан бері 10 жыл өтіпті. Алма қазір тұрмыста. Бірақ әлі перзент сүйе алмай келеді. Соның күйігі болса керек, жолдасы ішімдікпен дос болып, анда-санда Алманы жұдырықтың астына алада. Алма болса, бұған өзін кінәлайды. Айтуынша, кезінде түсік жасатпағанында таяқ жеп емес, баланы иіскеп отырар еді.
Әйгерім мен Алма сияқты сезімнің жетегіне еріп, жоспарсыз жүкті болып қалған қыздардың бұл мәселеден шығу жолы да әрқилы. Ешқайсысына сенікі дұрыс, сенікі бұрыс деп айта алмаймыз. Себебі, әрқайсысының өзінің таңдаған өмір жолы, алға қойған мақсаты бар. Және ол жолды қалай жүріп өтетінін өзі шешеді.
«Денсаулығына қауіп төнгенде…»
№3 Шымкент қалалық клиникалық ауруханасы Бас дәрігерінің орынбасары, білікті гинеколог Айна Тасболатова жүктілікті үзіп, жатырын тазартатындардың қатарында отбасылы, бала-шағасы бар әйелдер де бар екенін айтады. Бірі – өзінің денсаулығына қауіп төнген соң, екіншісі – баланың бойында физиологиялық ауытқулар (аутизм, даун синдромы, церебралды паралич (ДЦП) болғандықтан жасанды түсік жасатады. Арасында басқа да себептермен жатырын тазартатындар бар.
АБАЙСЫЗДА «ТҮСІП» ҚАЛДЫ
Гүлманаттың оқиғасы басқаша. Айтуынша, төртінші жүктілігі кезінде тұмауратып қалады. Сөйтіп, жатырынан қан көрінген. Алайда дәрігерге көрінгенде тым кеш екен. Дәрігерлер оның жатырын «тазалап» беріпті. Нәтижесінде 5 жыл өтсе де Гүлманат құрсақ көтере алмай жүр.
Құрбым Ақмаралдың да оқиғасы осыған ұқсас. Осыдан бір жыл бұрын тұмауратқан құрбым, «ауруым асқынып, етеккірм үздіксіз келіп жатыр» деп қысқа қайырды. Көп ұзамай қоңырау шалып, етеккір деп жүргені жатырына бітіп, дұрыс дамымаған шарана екенін жеткізді. Дәрігерлер оның жатырын тазалап, күтіну керек екенін айтыпты.
Жоғарыдағы кейіпкерлердің оқиғасы әр түрлі. Бірақ олардың барлығын бір ғана нәрсе байланыстырып тұр. Ол – жүктілікті ерте үзіп, құрсақтағы шарананы алу, яғни аборт жасату. Бірі — өз еркімен жоспарсыз жүктіліктен құтылу үшін, екіншісі — денсаулығына қауіп төнген үшін барады, бұл әрекетке. Дегенмен, барлығының көз жанарынан мұндай қадамға амалсыздықтан, шарасыздықтан барғаны көрініп-ақ тұр.
ЕРКЕКТЕ ДЕ КІНӘ БАР
«Жасанды түсік жасатыпты», «Шарананы өлтірді», «Сәбиін тастап кетті». Осындай тіркестерді естіп, сол жайлы сөз қозғағанымызда бірінші кезекте нәзікжандыларды кінәлап шығатынымыз бар. Бірақ, бұған тек бесіктен белі шықпаған қыздың ғана емес, ер азаматтардың да тікелей қатысы бар. Алайда, көп жағдайда ер азаматтар мұндай кезде барлық жауапкершіліктен қашып, бар ауыртпашылық нәзікжандыға түседі.
— Түсік жасату – оңай процесс емес, оның ағзаға келтірер зақымы едәуір. Мұны көбіне қыздар түсінгісі келмейді. Жасанды түсіктен кейінгі ағзадағы асқынулар уақыт өте келе денсаулықты әлсіретеді. Салдарынан бала көтеру қиындай түседі. Жатырға құрсақ біткен жағдайда да көбі босануға дейінгі мерзімді толық атқара алмайды. Бала түсіп қалу жағдайы жиі кездеседі,-гинеколог Айна Тасболатова.
Сондай-ақ, Айна Кенжебайқызы қыздардың түсіктен бөлек түрлі айла-амалға баратынын айтып өтті. Яғни, түрлі дәрілік препараттарды қабылдайды. Кейбірі бақсы-балгерлерге барып ойға сыймайтын түрлі іс-әрекеттерді жасайтын көрінеді.
— Кейде олардың дегені болмай дімкәс, мүгедек, кемтар сәби дүниеге келеді. Сондай-ақ, қыздар осылайша өздерінің де денсаулығына кері әсер тигізеді,- дейді дәрігер.
Нәрестелерін қоқыс жәшігіне, не көп қабатты үйлердің кіреберісіне тастап кеткендер тағы бар.
Бұдан бөлек «Сәбидің кінәсі жоқ», «Ата-анам кешірер», «Әкесінің мейірімі оянар» деген үмітпен «Аналар үйін» паналап жүргендер қаншама.
Шымкентте орналасқан «Ана үйін»дәл қазір қанша бойжеткеннің паналап жүргенін біле алмадық. Мекеме әкімшілігі мұны осындағы қыздардың қауіпсіздігі үшін тарата алмайтынын айтып ақталды. Бірақ, құрылғалы 5 жылдың ішінде 350 анаға көмектесіпті.
Еліміз бойынша «Ана үйі» қызметін пайдаланғандардың жалпы саны 3555-ке жеткен. Оның 79-ы кәмілет жасына толмағандар екен.
ПСИХОЛОГТЫҢ КӨМЕГІ КЕРЕК
Дәрігерлер аборт жасатуға тап болған нәзікжандылардың қатты күйзелетінін айтады. Сондықтан да оларға психологтың көмегі қажет. Дейтұрғанмен көп жағдайда қыздар психологқа жүгінуден бас тартады.
— Жас қыздардың жүкті болуының бірнеше себебі бар. Бірі жігіттің тәтті сөзіне алданып қалуы мүмкін, енді бірі зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы ықтимал. Тағы бірі қызыққаннан, не еліктеуден осындай әрекетке бой алдырады. Бірақ көп жағдайда ерте жыныстық қатынасқа толық емес отбасыдан шыққан, яғни әкесінің мейірімін көрмеген қыздар түседі. Олар әкеден алмаған махаббатты сырттан іздейді. Сөйтіп, өзіне жылы-жылы сөйлеген, қамқорлық көрсетіп, көңіл бөлген жігіттің сөзіне иланады. Оның шын бетпердесін көрмейді. Нәтижесінде қорғанышым, сүйенішім деген азамат бір түндік ләззаттан кейін ғайып болғанда үлкен соққы алады. Күйзеледі. Ашуға тез бой алдырады. Оған бойындағы физиологиялық және гормоналдық өзгерістерді қосыңыз. Мұндай да кәмілет жасқа толмаған, ақыл тоқтатпаған қыз баласы дұрыс шешім қабылдай алмайды. Себебі ол үшін қазір барлығы «қара», бәрі «жаман». Одан бөлек үйіндегі ата-анасының алдындағы үрейі тағы бар. Сөйтіп, сол эмоцияның жетегімен не істеп, не қойғанын білмейді,-дейді Түркістан облыстық жастар ресурстық орталығының психологы Марал Мұқанқызы.
НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Бұл сауалға гинеколог Айна Кенжебайқызы да, психолог Марал Мұқанқызы да, облыстық әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреева да «Жастардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінің алдын алу, кездейсоқ жүктіліктен сақтану шараларын үйрету керек. Және оны отбасынан бастаған жөн» деп бір ауыздан жауап берді.
Яғни:
— Ана-ана балаларымен жыныстық қатынас жайлы ашық сөйлесуі керек;
-Ер азамат пен қыз баласының айырмашылығы мен артықшылықтары туралы айтуы керек;
— Қыз баласын сыйлауды, оған қарындасы, анасы ретінде қарауға үйреткен абзал;
— Балаға еркіндік беріп, өздігінше шешім қабылдауға мүмкіндік берген жөн.
— Бірақ, біздегі басты қателік осында. Отбасында жыныстық қатынас және оның салдары туралы мүлдем сөз қозғалмайды. Өйткені ұят санайды. Бірақ батыс елдерінде мектептерде мүшеқап таратылады. Ондағы оқушылар оның не үшін керек екенін жақсы біледі. Бізде де сондай болу керек. Жалпы мүшеқап тек жүктіліктен ғана емес, түрлі аурулардан да қорғайды,-дейді гинеколог Алма Тасболатова.
Қажетсіз жүктіліктен сақтанудың басқа да жолдары бар. Атап айтқанда, дәрі-дәрмек ішу, жатыр ішілік спиральдар қойдыру, екпелер салдыру. Алайда дәрі-дәрмек пен екпе гормональды препарат болғандықтан қыздың дене бітімі толықсып өзгеруі мүмкін. Бұдан бөлек дәріні үздіксіз көп қабылдағандар, кейін тоқтатқан кезде ұзақ уақытқа дейін бала көтере алмай жүреді екен. Ал спиральдар түріне қарай «Т» және «О» болып бөлінеді. Біріншісін 2-3, екіншісін көп бала туғандар қойдырып жатады.
Бірақ гинеколог Алма Тасболатова “спиральді тумаған жас қыздарға салмаймыз” деп айтты. Ескеретіні бұл контрацепциялық әдістер түрлі жыныстық аурулардан қорғамайды. Олар тек жүктіліктен сақтайды. Ал мүшеқап аурудан да қорғайды. Сондықтан да гинеколог-дәрігер ерте жастан жыныстық қатынасқа түсетін жастарға мүшеқапты қолдануға кеңес береді. Айтуынша бұл – жастардың денсаулығын қорғайтын, қажетсіз жүктіліктен сақтайтын бірден бір жол.
АЙТПАҚШЫ…
“Отырар TV” арнасының otyrar.kz сайты, «Instagram», «Facebook» әлеуметтік желі парақшаларында «16 жастан асқан қыздарға ата-анасының рұқсатынсыз түсік жасатуға қалай қарайсыз?» деген сауалнама жүргізілуде. Оған бір аптаның ішінде оған 1000-нан астам респондент қатысып, өз ойын білдірген. Бірі — қолдаған. Айтуларынша, бәлкім сол кезде тастандылардың қатары азаяды-мыс. Екіншілері қарсылығын білдіруде.
— Мұндайда жыныстық қатынасқа бей берекет түсетін жастардың қарасы көбеюі мүмкін,-дейді олар.
Респонденттердің барлығы бір ауыздан «аборттың» қыз баласының денсаулығына зиян тигізетінін де жазыпты. Бұл жерде де пікір қалдырушылардың ойлары екіге жарылды. Бірі жасанды түсік жасатпау үшін жастарға тегін мүшеқап таратылуы керек десе, екіншілері мүшеқап тарату арқылы жастарға жыныстық қатынасқа түсуді тікелей насихаттаймыз дегенді алға тартады.
Таяқтың екі ұшы бар. Сондықтан да бұл мәселеде қандай да бір түйін айту қиын. Әркім өзі біледі. Ең бастысы сол таңдау үшін ертеңгі күні бармақ тістеп қалмаса болғаны.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ
«Оңтүстік Рабат» газеті, №51 (19 желтоқсан, 2018 жыл)
Мақаланы көшіріп басқанда бастапқы екі сөйлемінде
осы сайтқа гиперсілтеме көрсету міндетті