Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлімдеді. Тәуелсіздік мерекесіне арналған кеште экономикалық көрсеткіштерге тоқталған өңір басшысы алдағы уақытта да заман талабына сай әлеуметтік нысандар көбейетінін жеткізді.
«2018 жылы 80 білім нысанының құрылысына мемлекеттік бюджеттен 17,5 млрд.теңге бөлініп, 30 мектеп жəне 3 колледж ел игілігіне тапсырылды. Нəтижесінде 5 апатты жəне 3 үш ауысымды мектептің мəселесі шешілді. Жыл соңына дейін қосымша 6 мектептің құрылысын тапсыру жоспарлануда. Биыл өңірде 94 жекеменшік балабақша, мемлекеттік-жекеменшік-әріптестік аясында 3 балабақша және 1 мемлекеттік балабақша тапсырылды. Балабақшамен қамту көрсеткіші бойынша облысымыз көшбасшылар қатарында. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 93 пайыздан асты. Медицина саласына келсек, биыл Кентау, Сайрам, Сарыағаш аудандарында 3 инсульттік орталық ашылып, 3 дана компютерлік томограф орнатылды. 62 дәрігерлік бекеттің құрылысын жүргізу жоспарланып, ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта да бұл бағытта жұмыс бәсеңдемейді», — деген өңір басшысы мұның бәрі Тәуелсіздіктің жемісі екенін айтты.
Бүгінде Түркістан облысында 125 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдардың жұмыс істеп тұр. Осы салада 186 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, олар шығарған өнім көлемі 130,9 млрд. теңгеге жеткен. Облыста 2018 жылдың 1 қарашасына дейін 25 136 жаңа жұмыс орны ашылған.
Сонымен бірге, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 65 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланып, жүзеге асуда. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 1730 адам оқуға жолданып, тиісті сертификаттарын алған. «АУЫЛ – ЕЛ БЕСІГІ» арнайы жобасы аясындағы «ӘР АУЫЛҒА ӨЗ ШЕБЕРІ» бастамасы бойынша облыстың 123 елді мекенінен 2588 адам арнайы оқудан өтіп, жұмысқа араласқан.
«Президентіміз биылғы Жолдауында елдің әл-ауқатын жақсартып, кәсіпкерлікті дамыту жөнінде тың міндет жүктеді. Елбасымыздың «Түркістан» еркін экономикалық аймағын құру туралы Жарлығы да Түркістанның дамуына тың серпін береді. Осы орайда 1380 га аумақта орналасқан экономикалық аймақта өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болады», — дейді Ж.Түймебаев.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі