Қаладағы “сақалды” құрылыстың бірі — “Бозарық” қосалқы станциясындағы жұмыс қайта жанданды. Қала бюджетінен қаржы қаралып, станцияның құрылысын аяқтау қолға алынды. Енді жарты жылда “Астана -1” және “Астана — 2” қосалқы станцияларын іске қосуға мүмкіндік туады. Нәтижесінде тұтынушыларға берілетін жарықтың сапасы жақсарады.
Бұл жолы іске алматылық компания кірісіпті. «Аврора» серіктестігі ресейлік мамандармен бірге төрт трансфарматорды іске қосуға дайындап жатыр. Осы қосалқы станцияның іске қосылуы қуатылығы 110 кв, ол “Астана -1” және “Астана- 2” станцияларының жұмысына серпін беретін болады. Бұл екі станция Бозарық қосалқы станциясының көзінен қуат алуға 100 пайыз дайын.
Естеріңізге салар болсақ, “Бозарық” қосалқы станциясының құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Жобадағы құны 5 млрд. 400 млн. теңге еді. Түрлі себептермен алғашқы мердігерлер өз міндетін аяғына дейін жеткізбеді. Бұл жолғы мердігерлер 2 млрд. теңгені игерулері тиіс, әзірге 600 млн. теңге қаражат бөлініп отыр.
Сала мамандарының айтуынша, қосалқы станция іске қосылған жағдайда 350 мың тұтынушы сапалы электр жарығына қол жеткізетін болады. Яғни, “Шымкент сити”, “Тұран”, “Бозарық” шағынауданы тұрғындарын жарықпен толық қамтуға қауқарлы.
Нұрлан Күдерұлы