«Highvill Kazakhstan” компаниясының бас директоры Канг Джон Дэ қазақша үйренуге уәде етті

972

«Shymkent Development 2018» халықаралық инвестициялық форумында сөз алған «Highvill Kazakhstan” компаниясының бас директоры Канг Джон Дэ осылай деді. Өзінің орыс тілінде біршама сөйлей алатындығын, алайда ойын ашық та нақты жеткізу үшін аудармашы қажеттігін айтты.

Ұйымдастырушы тарап тікелей корей тілінен аударатын аудармашы дайындамаған ба, әлде басқалай себебі бар ма, ә дегенде тосылып қалғаны рас. Арада біраз уақыт өткеннен кейін ғана аудармашы сөзбе сөз алпауыт компания басшысының сөздерін аударма жасады.

«Бұлай болатын болса, алдағы уақытта қазақ тілін тез үйреніп аламын» деді Канг Джон Дэ мырза.

Спикер Данат Жуминнің «сіз не үшін Шымкентті таңдадыңыз?» деген сұрағына компания тізгінгері: «2004 жылы Астана қаласында құрылыс дүмпуіне атсалыстық. Бүгінде біздің компания салған үйлер аспанмен таласып, көз сүйсінтерліктей, тұрғындардың сүйікті мекеніне айналған. Шымкент қаласы үшінші мегаполис атанған соң мұнда да құрылыс дүмпуі басталатыны сөзсіз. Бұл бізге стимул береді. Шымкент жуық арада елдеріңіздегі ең мықты қалаға айналатын болады. Сондықтан да біз таңдау барысында қателескен жоқпыз деп ойлаймын. Біз әкімдікке Шымкентте тұрғын үй салуға мүмкіндік бергеніне алғысымызды білдіреміз. Жылдар бойы жинақтаған мол тәжірибені, биік беделімізді Шымкентте салынатын үйлерді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз» деді.

Әлемге әйгілі құрылыс бренді бүгінде «Шымкент сити» қалашығында тұрғын үй кешенінің құрылыс жұмыстарын жүргізуде.

«Highvill» компаниясы – Кореяда тұрғын үй индустриясындағы көшбасшы компаниялардың бірі. Компания ыңғайлылық пен инновацияға басты басымдық береді. Сондықтан да аталған компания салған үйлерге қызығушылық танытатындар көп.

Гүлжан Жұмаш