Келес ауданының із — түзсіз жоғалып кеткен тұрғыны табылды. Түркістан облысының полицейлері 22 жастағы Ұлжалғас Мұсаеваны іздеп тапты. Жоғалған қыздың көрші облыстың аумағында жаңадан жұмысқа орналасып үлгергені де анықталды.
Еске салайық, 21 — ші қарашада Келес аудандық ІІБ-не Ұлжалғас Мұсаеваның анасы келіп, қызының жоғалып кеткені туралы арызданған. 1996 жылы туған қыз бала 17- қараша күні үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған. Ата-аналары қыз баланың құрбысымен белгісіз жаққа бет алған болуы мүмкін деген болжам да жасаған.
Түркістан облысының полицейлері жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде із — түзсіз жоғалған бойжеткенді Жамбыл облысының аумағынан тапқан. Хабар-ошарсыз кеткен қыз өзінің құрбысымен Отар станциясындағы әскери бөлімге аспаз көмекшісі болып жұмысқа орналасқаны белгілі болды.
1-ші желтоқсан күні Ұлжалғас үйіне қайтарылды. Полицейлер оқиғаның себеп салдарын, мән-жайын анықтап жатыр. Бұл туралы Түркістан облыстық полиция департаменті фейсбук парақшасында хабарлады.
Жанар Есенбекова