Кәсіподақ еңбек дауы мәселесінде медицина мамандарының сауаттылығын арттыруды көздейді

350

«Сенім» Денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы алғаш рет семинар өткізді. Дәлірегі, облыстық деңгейде құрылған қауымдастық аудандардағы төрағаларын жинап, кәсіподақтың негізгі міндеті мен мен қоғамдағы рөлі туралы түсіндірді.

Ұжымдық ойын және қызу пікірталас. «Сенім» қоғамдық бірлестігі дәл осындай ерекше форматта кәсіподақ көшбасшыларының қатысуымен алғашқы семинарын өткізді. Бұл жиынға қатысқан медицина саласының мамандары да барынша белсенді. Мәселен, кәсіподақтың ең жас мүшесі Нұрбол Оңдарбеков семинарға Созақ ауданынан арнайы келген. Ол «қоғамдық бірлестіктің қызметтегі пайдасы мен тиімділігін тереңірек білдім» дейді.

Жаңадан құрылған қауымдастық еңбек қатынастарындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеу, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау, әріптестік қатынастарын дамыту және ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ, «Сенім» ҚР Кәсіподақтар федерациясының құрамына кіргеннен бастап аудан-қалаларды аралап, кәсіподақ қозғалысын қарқынды түрде жүргізіп келеді.

Роза Күшенова, «Сенім» кәсіподағы басшысының орынбасары: «Біз еңбек дауы және қаржылық мәселелер сынды бірқатар тақырыптар бойынша медицина қызметкерлерінің сауаттылығын арттыруды көздейміз. Біздің ұйым жақында ғана ашылғандықтан, бұл оқыту семинары алғаш рет өткізіліп отыр. Бірінші басқосуға кәсіподақ төрағаларын шақыруды ұйғардық. Кейіннен басқа да қауымдастық мүшелері арнайы оқудан өтетін болады. Бұл жиынға Сайрам, Мақтаарал, Кентау, Сарыағаш сынды аудандардың денсаулық сақтау қызметінің 40-тан астам белді өкілдері келді».

Семинарды ұйымдастырушылар келесі жылы кәсіподақ мүшелерінің саны көбейтіп, оларды оқыту жүйесінің өзге де тиімді әдістерін қолдануды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, Қоғамдық бірлестік жастар ресурстарын көбірек пайдаланып, оларды оқыту және жан-жақты дамытуға бағытталған жұмыстарды қолға алмақ.

Айя Мүтәлі